Солтүстік Қазақстан облысында демеушілердің ақшасына салынған мұз айдындары жұмыс істемей тұр. Өйткені өткен жылдың соңында біреуі құлап, жіті тексеріс басталған болатын. Оның қорытындысы бойынша құрылыс кезіндегі кемшіліктер өз алдына, 4 хоккей кордының заңсыз салынғаны анықталды деп хабарлайды Хабар-24.
Хоккей алаңдарының бәрі де демеушілердің ақшасына салынған. Олардың әрқайсысына 15 миллион теңгеден жұмсалған. Біреуі қирап қалғандықтан өзгелерінің барлығы жабылыпты. Балалар қыс бойы коньки тепкен жоқ. Қазір көк мұздың үстінде қар үйіліп жатыр. Енді құрылысшылар спорт нысанын қайта жөндеп, ашуы тиіс.
Азамат Омаров, облыстық сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау бөлім басшысы: - 4 спорттың нысанның рұқсатсыз салынғаны белгілі болды. Ол – Саумалкөл, Нижний Бурлук, Жаңажол ауылдары мен Петропавл қаласындағы хоккей корттары. Енді олар құжаттарын реттеуі тиіс. Қалғандарын құрылысшылар қайта жөндейді.
Рұқсатсыз тұрғызылған мұзайдындарының қалай пайдалануға берілгені белгісіз. Іс сотқа жетіп, құрылыс ұйымдарына айыппұл салынды. Қайта жөндеу жұмыстары да мардымсыз. Тек оны балалар түсінбейді. Олар күте-күте, көктем де келді.