Ақтөбеде шаранасынан жаңа шыққан сәбиін сатып жіберген әйел мен сатуға көмектескен құрбысы және сатып алған үшінші әйел сотталып жатыр. Делдал болған күдікті туыстарының айтуынша, жас әйел баласын сатқысы келмеген көрінеді. Тек жағдайы жақсы отбасыға асырау үшін бермек болыпты.
32 жастағы Жанна Ақаласова Ақтөбедегі жалдамалы пәтерлердің бірінде тұрып келген. Қаңтар айында ол ұл босанды. Босанарынан бұрын құрбысына баласын сатқысы келетінін, ол үшін клиент тауып беруін өтінген екен. Іздегенге сұраған демекші, аяқасты сәбиді сатып алатын қарт әйел де табыла кетіпті. Ол нәрестені өз ұлы мен келініне әпермек болған.
Полиция бұл үшеуін де қолға түсірді. Тергеу барысында белгілі болғаны, жас ана жаңа туған ұлын небәрі 60 мың теңгеге бағалаған екен. Қазір енді ол құрбысымен бәрге бірге сот алдында жауап беріп жатыр. Бұл екеуімен бірге баланы сатып алған әйел де жауапқа тартылуы мүмкін.
Жанна Ақаласованың құрбысына делдалдық таныттын және бала сатты деген айыптар тағылып отыр. Алайда, оның туыстары бұл айыптармен келіспейді. Айтуларынша, ешқандай алдын ала сөз байласу болмаған.
- Жанна Ақтөбеде жалдамалы пәтерде өмір сүрген. Күйеуі жоқ. Жалғыз өзі баланы қалай асырайды? Ол тек сәбиін жағдайы жақсы отбасылардың біріне асырауға бергісі келген, сөйтіп менің туысыма өтінішпен шыққан. Өтінішін жерге тастамай ол осындай отбасыны тауып берді. Ерлі-зайыптылардың өз балалары жоқ", - дейді күдіктінің туысы.
Оның айтуынша, полиция ешкімді қылмыс үстінде ұстамаған. "Сәбидің анасы арада бірнеше күн өткеннен кейін болған жайттың бәрін өзі айтып берген. Ол босанғаннан кейін күйзелісте болды. Бірақ, анығы сол, баласын сатқан жоқ, тек жақсы отбасыға асырау үшін берді. Өзгелер секілді дәретханаға немесе көшеге тастап кеткен жоқ. Ал, 60 мың теңгені бала үшін берген жоқ, тек пәтерақыңды төле деп көмек ретінде берген", - дейді ол.
Қазіргі таңда сатылған нәресте сәбилер үйіне берілген. Анасы болса уақытша ұстау абақтысында.