Жамбыл облысындағы тас жолдың бойында орналасқан қоғамдық дәретханадан табылған сәбиді нағашы ағасы асырап алмақшы. Бұл туралы аудандық қамқоршылық бөлімінің өкілдері хабарлады деп жазады Tengrinews.kz порталы.
"Баласын тастап кеткен Амина Мәжіғұлованың үлкен қызы нағашы әжесінің қолында өскен. Ақпан айында сот Аминаны аналық құғынан айырды. Ал, жуырда Тұрар Рысқұлов аудандық қамқоршылық бөліміне әйелдің нағашы ағасы Бимахан Мәжіғұлов келді. Ол Жансая мен оның әпкесін асырап алмақшы. Заң бойынша бір үйдің екі баласын ажыратуға болмайды. Әжесі қайтыс болғаннан кейін Аминаның үлкен қызы сол нағашы ағасының қолында тәрбиеленіп келген еді. Ол уақытша қамқорлыққа құжаттарын рәсімдеген", - дейді Жамбыл облыстық Білім басқармасы Қорғаншылық және қамқоршылық бөлімінің басшысы Мұхтар Керімбеков.
Оның айтуынша, сәбилердің тағдырын енді қамқоршылық кеңесі шешетін болады.
"Алдымен асырап алушылар құжаттарын Қорғаншылық және қамқоршылық бөліміне өткізеді, кейін қамқоршылық кеңесі сәбиді кімде қалдыру мәселесін шешеді. Ал, аудан әкімдігі осы шешімге сәйкес қаулы шығарады. Балаларды бір-бірінен ажыратуға болмайды, олар бір отбасында өсуі керек. Тіпті, Жансаяны өзге біреу асырап алғысы келсе ол сәбидің әпкесін де қоса асырап алуы тиіс, - дейді бөлім басшысы.
Естеріңізге салайық, 2016 жылдың 3 қаңтарында Жамбыл облысындағы тас жолдың бойында орналасқан қоғамдық дәртеханадан жолаушылардың бірі жаңа туған сәбиді тауып алған болатын. Дәретхананың шұңқырына тасталған баланы құтқарушылар аман алып шықты. Кейін оған Жансая деген ат берілді. Қазір жасы бірден асқан сәби балалар үйінде.