Қарағанды облысының тұрғындары тасқын судың сиырларды ағызып әкеткен сәтін бейнекамераға түсіріп, интернетке жүктеп жатыр. Осындай кадрлардың бірін "Диапазон" порталын жариялады.
Ірі қаралардың су ағысына төтеп бере алмай жатқанын анық байқауға болады. Араларында тек біреуі ғана жағаға аман шыға алған. Қалғандарының тағдыры не болғаны белгісіз.
Айта кетейік, бүгін Қарағанды облысының үш бірдей ауданында төтенше жағдай жарияланды. Атап айтқанда, Бұқар жырау мен Абай аудандарындағы жағдай мүшкіл. Мұнда ондаған елдімекен су астында қалды.
Өңірдегі тағы бірнеше елдімекенді су басу қаупі сақталып отыр. Қарағайлы, Қайрақты және Первый Май ауылдарына қызыл су жақындаған. Ал, Шопа ауылына барар жалғыз жолды су шайып, тұрғындары аралда қалғандай жағдайда.
Айта кетейік, еліміздің бес бірдей облысын тасқын су шайып, мыңдаған тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. Апатпен күрес жұмыстары жалғасуда.