18.04.2017, 05:08

ҚР Ішкі істер министрі алдағы үш күнде Астананы су алып кетуі мүмкін екенін ескертті

ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов бүгін өткен үкімет отырысында Астанамен қоса оның іргесіндегі елдімекендерді су алып кету қаупі бар екенін ескертті. Ведомство басшысының айтуынша, Астана су қоймасынан айдалған судың көлемі секундына 40-тан 1200 текше метрге дейін артып кеткен. Салдарынан Аршалы ауданындағы бір елдімекенді су шайып кетіпті.

"Астана мен оның іргесіндегі елдімекендерді су басудан қорғау үшін тасқын суды Астана су реттеуішіне жіберіп жатырмыз. Қазір барлығы 132 млн текше метр су жиналды. Ал, оның сыйымдылығы 450 млн текше метрді құрайды. Астана су қоймасынан дәл қазіргі қарқынмен су айдала беретін болса су реттеуіш небәрі үш күнде толып қалады. Салдарынан ол жарылып, елорда мен өзге де елдімекендер толық су астында қалуы мүмкін", - деді министр.

Оның айтуынша, қазіргі таңда алдын алу шаралары ойластырылуда. Ішкі істер министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшылары Астананы су шаймауы үшін тиісті шаралар қолданатын болады деді Қ.Қасымов.