19.04.2017, 10:57

Ислам Әбішев Астананы тасқын су шаймайтынын айтты

Елорда әкімдігінде Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары жөніндегі комитеті өкілдерінің, Сәтбаев атындағы канал басшылығының және қаланың жауапты қызметтері өкілдерінің қатысуымен жедел баспасөз мәслихаты өтті. Жиын барысында мамандар Астана су қоймасында орын алған жағдайды түсіндірді деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

«Сәуірдің 13-і мен 15-і аралығында нөсер жаңбырдың салдарынан Есіл өзеніндегі су ағынының көлемі 340 млн текше метрге жетті. Қазгидрометорталығының хабарлауынша, түсім 100-ден160 млн текше метрге жуық болады деп болжанған болатын. Ауа райының күрт жылынуына байланысты қар тез еріп, еріген қар суы жинала бастады», - деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің су ресурстары жөніндегі комитетінің төрағасы Ислам Әбішев.

Оның айтуынша, бүгінде мамандардың үздіксіз және үйлесімді жұмысының нәтижесінде 340 млн текше метрдің 90 млн текше метрі астана су қоймасында қалды, сл 250 млн текше метрі контрреттегішке бағытталды. Мамандардың жоспарлы жұмысы жағдайды бақылауға алуға мүмкіндік берді, дедіӘбішев.

«Егер таңғы бесте түскен су көлемі секундына 1044 текше метр болса, сағат 18:00-де су деңгейі секундына 150-200 текше метрге дейін төмендеді. Қазіргі уақытта Есіл өзеніндегі жағдай қалыпты, су басу қаупі жоқ. Нұра өзеніндегі су көлемі 661 текше метр, 2000 текше метрге дейін су жиналуы ықтимал. Жағдай бақылауға алынды. Қорғайтын бөгеттер бар, Астананың маңындағы елді мекендерді су басу қаупі жоқ», - деді ол.

Сонымен қатар елордада су тасқынына қарсы жедел штаб жұмыс істейді,кешенді іс-шаралар жоспары жүзеге асырылуда.

Жоспарға сәйкес су басу қаупі бар 37 учаске белгіленді барлық учаскелер бойынша су тасқынына қарсы шаралар әзірленіп өткізілді.

Майбалық көлінен Нұра-Есіл каналына дейін жағадағы бөгеттер бекітілді. Газмаш аппаратура зауытының ауданында өзен арнасын кеңейту жұмыстары толықтай аяқталды. Есіл өзенінің арнасы кеңейтілді. Дайындалып жатқан арнаның жалпы ұзындығы 1 388 м құрады. Бейсекова көшесіндегі көпірдің астымен су қалалық ағысты ескере отырып, 5,5 м³/сек жылдамдықпен өтуде.

Бүгінгі күні Кіші Талдыкөл көлінің ауданында (8,8 км) бөгеттер жасау мен бекіту жұмыстары аяқталды. Ильинка тұрғын алабындағы бөгетті (6,7 км) нығайту жұмыстары да аяқталды. Қала көшелерінен шығарылған қар көлемі 2016 жылдың 19 қазанынан үстіміздегі жылдың 11 сәуіріне дейін - 5 млн текше метрден асты, бұл былтырғы маусымдағы көлемнен екі есе көп.

Үстіміздегі жылы су тасқындарына қарсы шараларға 1,4 млрд теңге қарастырылған, бұл қаржы қажет шығындарға жеткілікті.

Азаматтардың өтініштері бойынша су сорғыту жұмыстары жүргізіледі. Сәуір айында 6600 өтінім келіп түскен, соның ішінде соңғы тәулік ішінде 444 өтінім. Су сорғыту жұмыстары жүргізілуде. Күн сайын үш ауданда су сорғыту жұмыстарына 100 аса арнайы ас-машина тартылады.

Бұған қоса, қала әкімдігі 27 арнайы техника, 73 сорғыш құрылғысын және мотопомпасын жұмылдырып отыр. Үстіміздегі жылы 20 мың дана қап, 9 мың тонна инертті материал және 188 тонна жанар-жағармай әзірленді.

Су тасқындарының салдарын жоюға қаланың 125 адамнан тұратын шұғыл әрекет ету жасағы, 48 дана инженерлік техника, атап айтқанда, бульдозер, экскаватор, кран, жүк тиегіш және өздігінен түсіргіш тартылады. Қаланың коммуналдық қызметтерінің тобы сақадай сай тұр, оның құрамына 97 адам, 55 дана техника, 7 мотопомпа, 40 ассенизаторлық машина, 5 тракторлық сорғыш, 2 сорғыш кіреді.