24.04.2017, 10:51

Алматыда полицейлер ұрланған кәсіпкерді босату операциясын жүргізді

Өткен аптада 1987 жылғы алматылық кәсіпкердің жоғалып кеткені туралы хабарлаған болатынбыз. Жүргізуші шақыртып, мейрамханадан үйіне қайтып келе жатқан тұста ер азаматты белгісіз біреулер жарты жолда ұрлап кеткен. Алматы қаласының полицейлері кеше оны босату операциясын сәтті жүргізді деп хабарлайды қалалық ІІД-нің баспасөз қызметі.

Ведомство өкілдерінің хабарлауынша, адам ұрлады деген күдіктілерді ІІД-нің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының мамандары жүргізген.Құқық қорғаушылар шұғыл іздеу шараларын уақытылы жүргізуінің арқасында кәсіпкерді аман-есен құтқарып алды.

"Тергеу барысында күдіктілердің кәсіпкерді қай жерде жасырып ұстап отырғаны анықталды. Ол - Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы жеке үйлердің бірі. Күні кеше сол үйде жәбірленушіні құтқару операциясы сәтті жүргізілді. Нәтижесінде Әлиев есімді азамат үйіне аман-есен оралды. Оның денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Қазіргі таңда ұсталғандар уақытша қамау абақтысына жабылды. Қазір бұл қылмысқа өзге адамдардың қаысы бар-жоғы анықталып жатыр", - дейді Алматы қалалық ІІД-нің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Айта кетейік, 20 сәуір күні кәсіпкер Әлиевтің әкесі полицияға хабар беріп, ұлының жоғалып кеткенін айтқан. Жалғыз куәгер - көлік жүргізушісінің сөзінше, оны жарты жолда өзге көлік қысып тоқтатып, ішіндегі бірнеше ер адам кәсіпкерді күшпен әкетіп қалған.