$ 447.4  477.55  4.76

Атырау облысында «Нұрлы жол» аясында салынған мектеп қирағалы тұр

Доссор кентіндегі білім ошағы биылғы қаңтарда ғана пайдалануға берілсе де, қайтадан жөндеуді қажет етеді. Өйткені қабырғаларына әлден сызат түсіп, шатыры желге шыдамай бірнеше рет ұшып кеткен деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Жыл басында ғана пайдалануға берілген бұл оқу орнының қазіргі сиқы осы. «Нұрлы жолмен» салынған ғимаратқа 763 миллион теңге жұмсалған. Бірақ соншама қаржыға салынған ғимараттың қазіргі жағдайы жақсы емес. Сылақтары түсіп, терезелер сынған. Қатты желден шатыр да бірнеше рет ұшып кетіпті.

Мектеп директоры Гүлнар Сейілханованың айтуынша, кейбір кабинеттердің кафельдері түсіп қалған. Сондай-ақ, ғимараттың шатырын да ауыстыру қажет. Мемлекеттің миллиондарына салынған мектептің шатыры екі рет ұшып, мердігерлер мыж-мыж болған жабындыны қайтадан жамап-жасқап қойыпты. Ал, ауладағы абаттандыру жұмыстары туралы айту тіпті артық. Күннің суықтығына қарамастан төселген төсемтастар қиқы-жиқы болып, қазір аулада бей-берекет шашылып жатыр.

Мердігердің айтуынша, сапасыз болуға себеп бар. Яғни, әкімдік мерзімінен кешіккен нысанды, жыл соңына дейін қайтсеңдер де тапсырасыңдар деп талап қойған. Жоспарды орындау үшін қосымша шығынға да баттық дейді олар.

«Қолымыздан келгенін жасадық. 763 миллион жетпеді. Енді осы балаларды оқыту үшін,осыны бітіру үшін біз 160 милллион ақша салдық», - дейді құрылыс компаниясының басшысы Ғизат Бисенов.

Осылайша, нысан өткен жылдың желтоқсанында облыстық құрылыс басқармасының балансына алынған. Сол кезде қабылдап алғандар сапаға көңіл аудармаған сыңайлы. Әйтсе де, сапасыз мектеп салдырттық деп сан соғып отырған олар жоқ. Мердігердің есебінен қайта жөндетеміз дейді.

«Мердігер мекеме кепілдік мерзімінің өтпеуіне байланысты өз ақшасына жөндеп жатыр. 20-25 адам, 2 техника жұмылдырылған. Енді мемлекет тарапынан бұған бір тиын да ақша жұмсалмайды», - дейді Атырау облыстық әкімдігі баспасөз қызметінің өкілі Еркебұлан Сатқанбаев.

Осы жайтқа байланысты қазір сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро тексеріс жүргізіп жатыр. Сондай-ақ, облыстық құрылыс басқармасының лауазымды қызметкерлеріне қатысты да сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталған. Яғни, алдағы уақытта қазына қаржысын осы сапасыз құрылысқа құртқандар жазалануы мүмкін.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары