15.05.2017, 12:24

Жетісулық жеткіншектер жазғы демалысын жаппай лагерлерде өткізеді

Жел өтіне қарсы жүру өзіңе қолайсыз болғанымен пайдалы. Ал, желді ықтау өзіңе қолайлы болғанымен басқаға пайдасыз. Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар аудан әкімдерінің орынбасарлары және білім саласы басшыларымен өткізген жиында осындай ой айтты.

«Қазір лагерді мектеп қабырғасында ұйымдастыра салатын болыпсыздар. Лагерьде балалар өлкені танып, тау-тасты аралап, ән айтып, би билеуі тиіс. Қыстай мектеп қабырғасындағы отыр-тұрдан шаршаған балалар табиғат аясына шығып сергіп, жан жадыратуы керек. Оған негізінен әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы отбасынан шыққан және денсаулығында ақауы бар балалар баруы тиіс», - деді әкімнің орынбасары құзырлы сала басшыларының ісіне сын айтып.

Сондай-ақ, көрсеткішті төмендетіп алмау үшін орташа оқитын балаларды сынаққа қатыстырмау, тестке кірерде ұл-қыздарды қорқыту сынды әпербақандыққа жол бермеу де әкім орынбасары тарапынан қатаң ескертілді.

Жиында облыс әкімі орынбасарының сөзін, құптағандар көп болды. Енді Алматы облысының мектеп оқушылары демалыстарын жазғы лагерлерде өткізетін болады.

Д.Жұмақұлова