$ 498.34  519.72  4.85

Ресей қазақтары Петропавлда тасқын судан зардап шеккендерге көмек көрсетуде

Ресейдегі қазақтардың ұлттық-мәдени автономиясы Түмен облыстық ұлттық қоғамдық бірлестіктерінің үйлестіру кеңесімен біріге отырып, Петропавлда тасқын судан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жолдады.

Ұн, консервілер, макарон, дәнді дақылдар және өзге де ас-ауқаттан тұратын жүк Солтүстік Қазақстан облысының орталығына жеткізіліп, арнайы қоймаларға орналастырылды.

"Біз солтүстікқазақстандық бауырларымыздың басына қиындық туғанын естіп, көмек қолын созып отырмыз. Гуманитарлық көмек көрсетуге Ресей қазақтарын шақырғанымызда ең бірінші болып кәсіпкерлер үн қосты. Хабарласып, көмектесіп жатқандар көп. Мына жүктің ішінде қажетті ас-ауқаттың бәрі бар: макарон, дәнді дақылдар, ұн, май, ет пен балық консервілері, көкөністер және өзге де азық-түлік түрлерін әкелдік", – дейді Түмен облысындағы қазақтардың ұлттық-мәдени автономиясының президенті Есенғали Ибраев.

Оның айтуынша, тасқын су олардың облыстарына да жеткен. Атап айтқанда, Түменнің оңтүстігіндегі елдімекендер судан зардап шегіпті. Қазақтар ұйымы оларға да көмектескен.

"Мұндай қиындық сіздерге де, біздің Ишим қаласына да келіп жетті. Бірақ, біздің жинаған гуманитарлық азық-түлік зардап шеккендерге көмегін тигізеді деп үміттенеміз", – дейді Түмен облысындағы қазақтардың ұлттық-мәдени автономиясының өкілі Қайныш Құсайынова.

Ишим қаласының кондитерлік фабрикасының басшылары қиын жағдайға қарамастан 120 келі конфетті қазақстандықтарға жолдап отыр. Зардап шеккендердің балалары қиындықты бір сәтке болса да ұмытса екен дейді олар.

Айта кетейік, тасқын су салдарынан Солтүстік Қазақстан облысының 17 елдімекені зардап шегіп, 380 үй су астына кетті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары