08.06.2017, 05:27

ОҚО-да 2 ай бұрын жоғалып кеткен жас жігіттің денесі Арыс өзенінен табылды

Екі айға созылған сүңгір-іздеу жұмыстардан кейін Арыс өзенінде 25 жастағы ер адамның денесін шопан тапты, деп жазады sputniknews.kz. 

10 сәуір күні кешке 112 пультіне Отырар ауданда Арыс өзеніне 1992 жылы туған ер адам батып кетті деген хабарлама түскен. 11 сәуір күні таңертең бес құтқарушы оқиға орнына жетті. Іздестіру 7-12 метр тереңдікте ештеңе көрінбейтін жағдайда жүргізілді. Сүңгірлер мотор қайығымен өзеннің он шақырымға жуық аумағын шолып шықты. Талаптарға сәйкес, іздестіру жұмыстары он күн жүргізіліп, нәтиже бермеген соң тоқтатылған. 

Суға кеткен ер адамның туыстарының қайта-қайта жасаған өтініштері бойынша сүңгір-құтқару жұмыстары екі рет қайта жүргізілген: 22 сәуірден 15 мамырға дейін және маусымның 5-6 күндері. 

Жалпы алғанда суда болу уақыты төрт сағаттан асқан. Оның барысында өзен түбінің 100 шаршы метрден астам аумағы зерттелді.

6 маусым күні таңертең жергілікті шопан құтқарушыларға ер адамның денесін Арыс өзенінде оқиға орнынан 35 шақырым жерде көргенін хабарлады. Хабарлама түскеннен кейін он минут өткен соң ер адамның денесі табылып, сыртқа шығарылды.