$ 498.34  519.72  4.85

Алматы облысында Маркетологтар клубы ашылды

Алматы облыстық Кәсіпкерлер палатасының бастамасымен өңірде маркетологтар мен кәсіпкерлердің біліктілігін арттыруға бағытталған жаңа жоба бастау алды. Енді мамандарды Маркетологтар клубы аясында оқытып, тиісті кеңестер беріледі.

Семинарлар кәсіпорынның тиімді, әрі нәтижелі жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған. Клубтың алғашқы жиыны бизнес-жоспар құру және оның құрылымының өзгешеліктеріне арналды.  

Жиында Талдықорған қаласындағы Кәсіпкерлікке қолдау көрсету орталығының маркетологы Альбина Бақмұратова бизнес-жоспар құрудың қыр-сырымен таныстырып, маңызды құжаттың ерекшеліктеріне тоқталды.

«Маркетологтар клубы бірінші отырысының тақырыбы кездейсоқ таңдалған жоқ. Бүгінгі таңда көптеген маркетологтар мен кәсіпкерлер өздері жеке бизнес-жоспар құрып, жобаны алға жылжытуға мүдделі. Алдағы уақытта қатысушылардың ұсыныстары, талап-тілектері бойынша тақырыптарды анықтап отырамыз. Маркетологтар клубы салалық мәселелерді көтеретін, тәжірибе мен білімді алмастыруға қолдау көрсететін жаңа платформаға айналатынана сенеміз», - деп атап өтті ол.

Клубта семинарлармен қатар, пікірталастар, іскерлік ойындар мен ой-талқылар ұйымдастырылады. Ал, кездесулер айына бір рет өткізіледі. Қатысу тегін. Алдағы уақытта болатын жиындар тауарды өткізу тәсілдері, клиенттерді тарту әдістеріне арналады.

Айта кетейік, жалпы Кәсіпкерлер палатасының қолдауымен өткен жылы 600 бизнес-жоспар әзірленді. Оның ішінде 200-ден астамы іске асты. Жобалар құны 2 млрд. теңгені құрады. Облыс аграрлы өңір болуына байланысты, іске асырылған жобалардың көпшілігі мал мен өсімдік шаруашылығына арналды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары