08.06.2017, 06:18

Астанада шетелдік туристен 40 мың теңге алған такси жүргізушісі ақшаны қайтарып берді

Астанаға қонаққа келген Венгрия азаматын алдап, жол жүру ақысына деп 40 мың теңге алған такси жүргізушісі келтірілген шығынды қайтарып берді деп жазады «Казинформ».

«Жүргізуші шығынның орнын толтырды. Тергеу жұмыстары жалғасып жатыр», - деді Астана қалалық ІІД-нің баспасөз қызметі.

Еске салайық, 6 маусым күні сағат 14:00 шамасында полицияға Венгрия азаматы арызданып, 40 мың теңгесін такси жүргізушісі алдап алып қойғанын айтқан болатын. Шұғыл іздестіру жұмыстары барысында Сарыарқа аудандық ІІБ полицейлері 33 жастағы такси жүргізушісін қолға түсірді. Ол шетел азаматын әуежайдан Желтоқсан көшесіндегі қонақ үйге дейін апарып тастап, алдау арқылы 40 мың теңгесін алып алған. Тексеру барысында жүргізушінің такси қызметімен айналысуға рұқсаты бар екені де анықталды.

Қазіргі таңда бұл жайт бойынша "Алаяқтық" бабымен қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.