Шымкенттің орталығында WhatsApp деген атаумен жаңа дәмхана ашылды. Оның иесі Асқар Мүсірәлиевтің айтуынша, дәмхана түрлі мессенджерлерді жаны сүйетін жандарға арналған.
Алайда, кафе қожайыны өзінің жауапқа тартылуы мүмкін екенін білмейді. Өйткені, аталған бренд Facebook иесі Марк Цукербергке тиесілі екені белгілі.
"Атауын аяқасты қойдық. Кейін ғимарат интерьерін мобильді қосымшалардың дизайнымен үйлестірдік. Арнайы салат пен тағам ойлап тауып, оларға WhatsApp деген атау да бердік. Жалпы, біз өзіміздің дәмхана арқылы WhatsApp мессенджерін жарнамаламақпыз", - дейді кәсіпкер.
Әділет министрлігінің мамандары болса азаматтардың заңды білмеуі жауапкершіліктен құтылуға мүмкіндік бермейтінін айтып отыр. Әлемдік брендтердің атауын рұқсатсыз пайдаланғандар арыз түскен жағдайда заң алдында жауап береді.
"Егер авторлық құқық иесі бұл жайтты біліп, арызданса кәсіпкер әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Сондай-ақ келтірілген шығынды да өтейді. Соңында кәсіп етіп байимын деген бизнесмен тақырға отырып шыға келеді. Сондықтан, атауды біреуден алмай, өзі ойлап тауып, Интеллектуалды меншік ұлттық институтына тіркету керек", - дейді министрлік өкілдері.