$ 498.34  519.72  4.85

ОҚО-да жұртты 20 млн теңгеге сан соқтырған күдікті ұсталды

Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданында жұртты 20 миллион теңгеге сан соқтырған күдікті ер азамат ұсталды деп хабарлайды ОҚО ІІД баспасөз қызметі.

44 жастағы ер азаматтың үстінен Сайрам ауданының тұрғыны арызданып келген. Оның айтуынша, күдікті сенімге кіріп, жәбірленушінің 16 жылқысын алып кеткен екен. Кейін жылқыларды 6,5 миллион теңгеге сатып, ақшасын жеке басының қажетіне жұмсаған. Шұғыл іздеу жұмыстары барысында аудандық полицейлер алаяқтық жасады деген күдіктіні қолға түсірді. Анықталғандай, ол бұған дейін де бірнеше адамды алдап, ақшасын алып кеткен екен.

Мәселен, биыл сәуір айында күдікті Түркістан қаласының тұрғынын жұмысқа тұрғызып беремін деп, оның 20 мың доллар ақшасын алып кеткен. Осыншама ақшаға қандай қызметті уәде еткенін полицейлер айтқан жоқ. Ақшаны беріп алданып қалған жәбірленушінің де кім екені белгісіз.

Тергеушілер күдіктінің алаяқтықтың 3 дерегіне қатысы бар екенін анықтап отыр. Дегенмен, алданғандар саны бұдан да көп болуы мүмкін.

Ер азамат үнемі жоғары лауазымды таныстары бар екенін айтып, жұрттың сеніміне кіреді екен. Қазіргі таңда ұсталған азаматтың үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (алаяқтық) және 189-бабы (сеніп тапсырылған біреудің мүлкін талан-таражға салу) бойынша іс қозғалып, ол қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары