21.06.2017, 05:12

Алматы облысының әкімі дала өрттерін алдын алуды өз бақылауында ұстамақ

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов дала өрттерін алдын алуды жауапты сала мамандарына қатаң тапсырды. Тапсырманың орындалуын әкім өзі қадағалайтын болады. Бұл туралы А.Баталов облыстық әкімдікте орман, дала өрттерінің алдын алуға арналған жиында айтты.

Осы тақырыпқа байланысты облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғаныс полковнигі Дарын Байсариев баяндама жасады. Оның айтуынша, облыс аумағында 5 млн. гектардан астам жерді мемлекеттік орман қоры алып жатыр. Оның ішінде 1,9 млн. гектарға жуығы орманды алқапты құрайды.

Жыл басынан бері 497,7 га. жер аумағында 158 құрғақ шөп жануы тіркелген. Сонымен қатар, мемлекеттік мекемелердің аумағында 2 орман өрті орын алған.

Мемлекеттік өртке қарсы бөлімшелері жоқ жерлерде 4749 жергілікті тұрғынды тарта отырып, 361 ерікті өрт сөндіру жасақтары құрылған. Олар барлық қажетті техникамен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар орман және дала өрттерін жою мәселелерін шұғыл шешу мақсатында Департаменттің әрбір бөлімшесінде 39 шұғыл мобильдік топтар белгіленген. Гарнизондық жаттығулар тұрақты түрде өткізіліп, өрт сөндіру машықтары жетілдірілуде.

Дарын Байсариев аудан, қала әкімдіктерін ерікті өрт сөндіру жасақтары посттарының материалдық базасын нығайту, суға түсу маусымының басталуына байланысты оқыс оқиғалардың алдын алу шараларына белсене қатысуға шақырды.

Екінші болып мінбеге көтерілген Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Керімбек Жаншабай мекеменің орман өртіне дайындығының жайын хабарлады.

К. Жаншабайдың айтуынша, мемлекеттік орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық жабдықталуы жақсартылған. Бүгінгі күні оларда 22 өрт сөндіру автокөлігі, 20 сутаратқыш, тіркемелі құралдармен жабдықталған 22 трактор, 141 патрульдік автокөлік, 139 мотоциклмен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар өрке қарсы құралдар да дайындалған. Бүгінгі күнге өрт қауіпсіздігі ережесін сақтамағаны үшін 9 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, орман шаруашылығына келген 567,2 мың теңге шығын толығымен өндірілді.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі А. Баталов ауа райының қатты ысып тұрған қазіргі шағында өрт қауіпсіздігіне, суда шомылу қауіпсіздігіне ерекше назар аудару қажеттігін айтты.

- Аудан, қала әкімдері, әсіресе, өртке қауіпті учаскелерді назардан тыс қалдырмаулары керек. Қажетті техниканың барлығы тиісті нормаларға сай болсын. Суға түсу маусымында оқыс оқиғаларды болдырмау мақсатында суда құтқару қызметінің дайындығы жіті болуы тиіс. Халықты өрт қауіпсіздігінен, судағы қауіпсіздік жайынан тұрақты хабардар етіп отыру қажет. Тиісті орынбасарларыма бұл істі аудан, қала әкімдері қалай атқарып жатқанын жүйелі түрде қадағалап отыруды тапсырамын, - деді А. Баталов.