$ 498.55  524.28  4.75

Салық реформасы алматылықтардың өмірін жеңілдетті

Салық жүйесін жетілдіріп, бұл салаға реформа енгізіп отыру – заман талабы. Осы мақсатта Алматы қаласы Мемлекеттік кірістер департаменті салық жүйесінің жұмысын реттеу мен оны жақсартуға баса назар аударып келеді. Оған «Модератор», «Электронды кезекті бақылау», «Мобильді орталық» жобалары дәлел.

Әлемдік «Doing Business» банкі бизнесті жүргізуге қатысты Қазақстан рейтингісін Алматы қаласының көрсеткіштеріне қарап жасайды екен. Себебі, Алматы – негізгі экономикалық ошақ. Мұнда ірі салық төлеушілер мен жеке кәсіпкерлер, оған қоса, шағын бизнес орталықтары көп. Сондықтан мегополистің салық жүйесі қызметінің сапалы болуы аса маңызды. Мақтауға себеп те бар. Мәселен, салық саласы қызмет сапасы бойынша 2015 жылы – 53 орыннан, 2016 жылы - 41, 2017 жылы - 35 орынға дейін көтерілді.

Алматы бойынша салық реформасын жетілдіре түсу үшін 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап жеке кәсіпкерлердің тіркелуі хабарлама түріне ауыстырылды. Яғни, тіркелу үшін мекемеге арнайы келудің қажеті жоқ. Кәсіпкерлікті бастайтыны жайлы хабардар етсе болғаны. Сондай-ақ, бұрын ақша айналымын дәлелдейтін құжат сұрайтын. Бұл талаптардың барлығын рәсімдеуге 5 жұмыс күні қажет болатын. Ал қазір жаңа жүйеге сәйкес, қағаз жұмыстарын бір күннің ішінде реттеп үлгеруге болады. Алматы қаласы Мемлекеттік кірістер департаменті мамандары кәсіпкерлер арасында салық кодексі мен түрлі нормативтерді түсіндіру жұмыстарын ай сайын өткізіп келеді. Салық жүйесіндегі реформа арқылы бірнеше қызмет түрі жеңілдеді. Салық төлеу, жіберу операцияларының басым бөлігі электронды түрде орындалады. Тұрғындардың электронды жүйені қолдану тәжірибесі артып келеді. Қызмет көрсетуді автоматтандыру ісінде де жетістіктер аз емес. Мәселен, 2016 жылы автоматты қызмет көрсету деңгейі 21,2 процентке жеткен.

«Біз салық төлеушілер үшін арнайы семинар өткіземіз. Әлеуметтік желілер арқылы да салық жүйесіне қатысты сұрақтарға жауап береміз. Қазір бизнесті бастауға жеке кәсіпкер ретінде тіркелу жағы мен қосымша құн салығын төлеу бойынша мәселелерді түсіндіруге мән беріп жатырмыз», - дейді Алматы қаласы мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмысы жөніндегі басқарма басшысы Заңғар Шындәлі.

Салық жүйесінің жұмысын жақсартуға көмектесетін «Модератор», «Электрондық кезекті бақылау» жобалары бар. «Модератор» жобасы бойынша сауалы бар адам тікелей модераторға барады. Ал «Электрондық кезекті бақылау» ұзын-сонар кезекті қысқартуға арналған.

Грузия тәжірибесі бойынша интеллектуалды байланыс орталығы ашылды. Оған Алматы қаласының әкімдігі мен Алматы қаласы прокуратурасы қолдау көрсетті. Бұл жоба бойынша кез келген адам қалаған уақытында қалаған сұрағына телефон арқылы жауап алу мүмкіндігіне ие болады. Салық берешегі, өзге де ақпараттарды телефонмен біліп отырады.

Бұл мегополис салық жүйесіндегі заманауи өзгерістердің соңы емес. Алматы қаласы мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмысы жөніндегі басқарма басшысы Заңғар Шындәлі мобильді орталықтың қызметі жайлы да айтып өтті. Ол: «Салық жүйесінде реформа көп. Соның бірі ретінде жақын арада жұмысын бастайтын мобильді орталықты атап өтсек артық болмас. Мобильді орталық адамдар көп жиналған жерде мемлекеттік қызмет көрсете алады. Салық төлеу орталығына баруға ерінетін жандар бар арамызда. Осы кезде сізге көмекке мобильді орталық (арнайы көлік) келеді», - дейді.

Кез келген реформа алматылықтарға сапалы әрі жылдам қызмет көрсетуге бағытталған.

Г. Сембиева

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары