Шымкенттегі балабақшалардың бірінде бүлдіршін қайтыс болды. Мектепке дейінгі мекеме қызметкерлерінің сөзіне қарағанда, 2 жас 8 айлық ер бала түстің кезінде төсегіне жатып ұйықтап, содан оянбаған, деп жазады ҚазАқпарат.
Өңірдің білім саласы басшылығы берген мәліметке қарағанда, қайғылы жағдай Наурыз шағын ауданындағы балабақшада болған. Марқұм болған бүлдіршін әдеттегідей бақшаға келіп, балалармен бірге ойнаған. Тамағын да ішіп, өзін қалыпты жағдайда ұстаған. Алайда түскі тынығу кезінде ол мәңгіге ұйықтап кете барған. Оны оята алмаған тәрбиешілер дереу жедел жәрдем қызметі мен полицияны шақыртқан. Дәрігерлер келген уақытта баланың жаны шығып кеткен екен.
Қазір аталған оқиға бойынша тексеру шаралары жүргізілуде. Бірнеше сот медициналық сараптамалар тағайындалды. Оның қорытындысына сәйкес, баланың қайтыс болу себептері анықталатын болады.