Жамбыл облысында ішкілікке салынған ұлынан әбден зәрезап болған зейнеткер оны өз қолымен өлтірген. Бұл туралы облыстық прокуратураның өкілдері хабарлады деп жазады Tengrinews.kz.
"Байзақ ауданында ер азамат өзінің ұлын өлтірді. Ол баласының ішкілікке салынып, өздеріне қол көтеруіне төзбеген. Соңғы рет қайтыс болған азамат анасын ұрыпты. Ұлын өлтірген қария 70 жасқа қараған шағында сот үкіміне жетпей қайтыс болды", - дейді Жамбыл облысының прокуроры Ернат Сыбанқұлов.
Оның айтуынша, қылмыстардың жасалуына көп жағдайда алкогольдік ішімдік себеп болады екен. Облыстық наркодиспансердің мәліметінше, олардың есебінде 5 мыңнан астм ер азамат тұр. Яғни, осынша отбасы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа душар болуы мүмкін.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, 2016 жылы тұрмыстық жанжалдың салдарынан 24 қылмыс тіркелген екен. Биыл жыл басынан бері дәл осындай 8 қылмыс орын алған.