Кеше Ақмола облысында жантүршігерлік қылмыс орын алған болатын. 61 жастағы ер азамат Ақмол ауылындағы прокуратура ғимаратына қосауыз мылтықпен басып кіріп, есік аузында отырған прокурор мен аудандық ІІД қызметкерін атып салған. Артынша қарулы азамат сыртқа шығып, өзіне оқ атып қайтыс болды.
Өмірбек Жанбозовтың мұндай қадамға не үшін барғаны анықталып жатыр. Алайда, туыстары оған прокуратура мен өзге де құқық қорғау органдары тарапынан үлкен қысымның көрсетілгенін айтты деп мәлімдеді КТК телеарнасы.
Қайтыс болған азамат соңғы жылдары ірі шаруа қожалығын басқарған екен. Бірақ, құзырлы органдар тексеру жүргізіп, оның мемлекетке тиесілі 600 млн теңгені қолды еткенін анықтаған-мыс. Тергеу жүргізіп, істі сотқа да жолдаған. Ал, оқиға болатын күні Ө.Жанбозовқа қатысты соттың үкімі шығуы тиіс болған екен.
– Жап-жас прокурор мен финполдар қанын ішіп бітті байқұстың. Жасы келген адам.
– Не істеген сонда?
– Тексере береді тексере береді. Бұл жазығы жоқ адам жеп қойған ештеңесі жоқ.
– Қызметпен бе?
– Иә, сол қызмет бабымен тексерген. Үлкен қызмет істеген адам.
Яғни, Өмірбек Жанбозов Ақмола облысындағы ірі су шаруашылығын басқарған екен. Бірақ, екі жыл бұрын директор аяқ асты қылмыстық іс бойынша күдікке іліккен. Яғни, 6 сыбайласымен бірге 600 миллионнан астам қыруар қаржыны қолды қылды деп айыпталған. Сот отырысында мемлекеттік айыптаушы марқұмға 10 жыл жаза кесуді сұрапты. Ал, марқұмның адвокаты істің дұрыс қаралмағанын айтуда.
Бақыт Қайыржанова, адвокат:
- Шаруа қожалығына жүргізілген тексеру тек бір жақты ғана болды. Өмірбек Жанбозовтың кінәсін дәлелдейтін айғақтар мүлдем жоқ. Тіпті, сараптаманың өзі 600 миллионның ұрлануы мүмкін емес екенін растады. Марқұм сот әділ болады деп айтып еді. Жеңіп шығатынына сенген.
Ал, қызмет орнында қанға боялған прокурор мен полицей шұғыл түрде Астанаға жеткізіліп, қазір ем алып жатыр. Жағдайлары ауыр әзірге бірнәрсе айтуға ерте деп отыр дәрігерлер.
Ал, жантүршігерлік істі Ақмола облысының прокуратурасы қатаң бақылауға алды. Қазір марқұмның мылтығы сараптамаға жіберіліп, іс бойынша жан-жақты тексеру басталып кетті.