Қостанай облысында орманды өртегендерге ірі көлемде айыппұл салынуы мүмкін. Тілсіз жау Лермонтов атындағы орман қожалығын шарпып, ондаған гектар ағаштың жанып кетуіне себеп болды деп деп мәлімдеді облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі.
Полицейлер орманды өртегендерді дереу қолға түсірді. Анықталғандай, олар әлі мектеп оқушылары екен. Енді жауапқа олардың ата-аналары тартылуы мүмкін.
"Ұсталған үш баланың екеуі 10-сынып, біреуі сегізінші сынып оқушылары болып шықты. Үшеуі де Докучаев атындағы мектепте оқиды. Ата-аналарының көзінше жүргізілген тергеу барысында балалар орманда от жағып, картоп пісіріп жегісі келген екен. Алайда, кетерлерінде отты өшіруді ұмытқан", - дейді Алтынсарин аудандық ІІБ-нің басшысы Дулат Раисов.
Өрттің салдарынан 80 гектар орман отқа оранған. Қазіргі таңда бұл жайт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 341-бабы 1-тармағымен (Орманды жою немесе зақымдау) іс қозғалды. Енді балалардың ата-аналары 4,5 млн теңге көлемінде айыппұл төлеуі немесе осы сомаға қоғамдық жұмыс істеуі немесе 2 жылға дейін қамалуы ықтимал.