13.07.2017, 06:13

Оралдағы әуежай орыс тілді немесе «бұрыштағы» мемлекеттік тіл саясаты

Батыс Қазақстан облысының орталығында тіл туралы заңнамаларды қолдану және тілдерді дамыту бағдарламалардың орындалуын жүзеге асыру жөніндегі облыстық үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Жиында Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева Оралдың әуежайы мен теміржол вокзалындағы мемлекеттік тіл төңірегінде орын алған біраз былықтың бетін ашты.

Ол әуе, қоғамдық көлік, темір жол саласы мен бірқатар мекеменің құжат айналымындағы мемлекеттік тілдің үлесі жөнінде баяндады. Оның хабарлауынша, «Жайықжылуқат» АҚ номенклатуралық ішкі іс-құжаттары мен қызметтік отырыстарының хаттамаларын мемлекеттік тілде ішінара жүргізген. Тұрғындармен тікелей жұмыс жасайтын 203 әкімшілік және техникалық қызметкердің 32 пайызы ғана қазақ тілінде іс жүргізе алады, ал 35 пайызы мемлекеттік тілді мүлде меңгермеген. Бұл мекемеде мемлекеттік тіл аударма тіл ретінде ғана қолданылады. Штат бірлігінде құжаттарды мемлекеттік тілге аударумен сектор меңгерушісі айналысады және мемлекеттік тілді енгізу жөнінде жетекші инженер жұмыс істейді.

«Орал» халықаралық әуежайы» ЖШС-нда негізгі құжаттар мен жиындардың қаулы-қарары орыс тілінде  қабылдануда. Облыстағы темір жол саласы қызметкерлерінің 78 пайызы мен «Халыққа қызмет көрсету орталығының» мамандарының 89,1 пайызы мемлекеттік тілде іс жүргізе алады. Орал қалалық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөліміндегі 15 қызметкердің 14-і мемлекеттік тілді жетік меңгергеніне қарамастан,  ішкі номенклатура бойынша іс-қағаздарды әлі күнге қазақ және орыс тілдерінде жүргізуде. Облыс бойынша мемлекеттік тілде іс жүргізу 2006 жылдан бері қолданылады. Аталған бөлімде биылғы жыл басынан бері 179 бұйрықтың 4-еуі орыс тілінде қабылданған. Яғни, ҚР «Тіл туралы» заң талаптары бұзылған. «Облысымыздағы мемлекеттік мекемелердің құжат айналымындағы мемлекеттік тілдің үлесі өткен жылдың қорытындысы бойынша 99,7 пайызды құрады. Бұл – санаулы мемлекеттік құрылымнан алынған ақпарат негізінде ғана дайындалған шартты көрсеткіш қана», – деді Айгүл Әділгерейқызы.

Кеңес отырысында баяндама жасаған БҚО бойынша ХҚКО департаменті директорының орынбасары Нұрғиса Камашев орталық ғимаратында тұтынушылар үшін құжаттарды толтыру үлгілері қазақ және орыс тілінде берілгенін және «Мемлекеттік тіл саясаты» бұрышында көрнекі ақпараттар топтастырылғанын айтты.  Жиында мемлекеттік тілге «төрден орын беру» мәселесі айтылып жатқанда, тіл саясатының «бұрышқа орналасқаны» құлаққа тосындау естілгенін жасырмаймыз. «Жайықжылуқуат» АҚ-ның бас директоры Мұрат Бәйменов кәсіпорындағы 1148 қызметкердің 321-і орыстар, 23-і өзге ұлт өкілі екенін айтты. Мекеменің құжат айналамындағы мемлекеттік тілдің үлесі – 70 пайыз. Облыстық тілдерді дамыту басқармасының тапсырысы бойынша «Бизнес Қауымдастық» ЖШС-ның оқытушылары ұйымдастырған мемлекеттік тіл курсына кәсіпорынның 26 қызметкері қатысуда. Курсқа қатысушылардың 15-і – қазақ ұлтынан.

– Қазіргі уақытта кәсіпорынға қарасты жылу-электр орталығының 60 пайыздан астамы – орыс ұлтынан. Жалпы ұжымда техникалық білімді кеңестік кезеңде алған орта жастағы буын өкілдерінің орыс тілді екенін жасырмаймын. Дегенмен «Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында бірқатар шаралар қолға алынуда. Он бес жыл бұрын кәсіпорын қызметкерлерінің тең жартысы қазақ тілін білмесе, бүгінде бұл көрсеткіш 35 пайызға кеміді, – деді Мұрат Бәйменов.

Жиында «Орал» халықаралық әуежайы» ЖШС-ның маманы Айгүл Көбеева, «Қазақстан темір жолы - тасымалы» АҚ Орал бөлімшесі директорының орынбасары Айбек Қуанышев, Орал қалалық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Серік Үбішев өз салаларына қатысты тілдік ахуал жөнінде жарытымды жауап бере  алмады. Үйлестіру кеңесінің мүшесі, «Алтын тамыр» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Дариға Мұштанова әуежай мен темір жол бекетінде жүргізілген рейдке қатысқанын, сол кезде ғимарат ішіндегі хабарландыру, құжат, жарнама мәтіндерінен анықталған қателіктерді түзету жөнінде жасалған ұсынысқа басшылық өкілдері салғырт қарағанын, соған қатысты шара қолдану қажеттігін  айтты.

– «Орал» халықаралық әуежайы» ЖШС жыл ішінде 276 шығыс құжатының 27 пайызын қазақша дайындаған. Ал  «Қазақстан темір жолы - тасымалы» АҚ Орал бөлімшесінде 2390 шығыс құжатының 130-ы ғана мемлекеттік тілде жолданған. Облыстық тілдерді дамыту басқармасы мемлекеттік тілге қатысты мәселелерді шешу жөнінде мекеме өкілдеріне берілген тапсырмалардың орындалуын бақылауға алуы, қажет кезінде әдістемелік көмек беруі тиіс. Келесі кеңес отырысында құжат айналымындағы кемшіліктерді жоюмен  қалай шұғылданғандары жайында мекеме-кәсіпорын басшылары есеп береді, – деді жиында облыс әкімінің орынбасары, үйлестіру кеңесінің төрағасы Марат Тоғжанов.

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ