27.07.2017, 10:13

Египетте қамауда жатқан 6 қазақтың тағдыры әлі белгісіз

Қазақстандық дипломаттар Мысыр билігінен қазақстандықтардың қамалуына қатысты түсініктеме беруді талап етіп жатыр. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің басшысы Әнуар Жайнақов өзінің Facebook-парақшасында мәлімдеді.

"Мысырдың құқық қорғау органдары ұстаған біздің отандастарымызға қатысты мысыр тарапының әлі күнге дейін олардың қайда екенін жөнінде ресми ақпарат бермегенін хабарлаймыз. Каирдағы Қазақстанның елшілігі биліктен түсінік беруді және біздің консулдың қазақстандық азаматтармен кездесуін талап етуде", — деп хабарлады Жайнақов. 

Мысырдың ресми билігінің мәлімдеуінше, қазақстандықтар аман-есен, ешқандай қауіп жоқ.

"Бейресми ақпарат бойынша елде болған бірнеше терактіден кейін төтенше жағдай режімі енгізіліп, қазіргі уақытта Мысырда түрлі себептер бойынша ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіретін іс-әрекет жасады деген күдікпен адамдарды ұстау бойынша арнайы операциялар жүргізіліп жатыр", — дейді Жайнақов.

Осыған байланысты ҚР елшілігі Мысырда жүрген қазақстандықтар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. 

"СІМ басшылығы Мысырдағы біздің отандастарымыздың тағдыры мәселесін ерекше бақылауда ұстайды. Бүгін Каирдағы Қазақстан елшісі Мысырдың сыртқы істер министрінің орынбасарымен тағы да осы мәселе бойынша кездесті", — деп түйді сөзін Жайнақов. 

Еске сала кетейік, Абылайхан атындағы университеттің екі магистранты 11 шілдеде Каирға екі айлық тілдік курстан өтуге барған. Олар сол білім беру мекемесінде оқитын тағы төрт қазақстандық студентпен бірге бір пәтерде тұрады. 20 шілдеде олармен байланыс жоғалған. 25 шілдеде алтауын да мысыр полициясы ұстағаны белгілі болды. Бірақ әлі күнге дейін отандастарымызды не үшін ұстағаны белгісіз.

Дереккөз: sputniknews.kz