20.07.2017, 09:41

Қандастарды қабылдауға 7 облыс дайын

Ширек ғасырдан бері миллионға жуық қандастарымыз өз атамекеніне көшіп келген екен. Көші-қон – еліміздің стратегиялық және тарихи маңызы зор бастамасы. Қазақстан Республикасының азаматтығын алғанға дейін көшіп келушілер Ішкі істер, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ауыл шаруашылығы секілді министрліктеріне жүгінеді.

Биыл көшіп келгендерді Үкімет айқындаған 7 өңірге қоныстандыру көзделіп отыр. Олар – Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар облыстары. Ал, «Нұр Отан» партиясы «Көш көлікті болсын!» республикалық акциясының тұжырымдамасын әзірлеп, қандастардың мәселесін оң шешіп бермекші.

Осыған орай, «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Қазпошта» акционерлік қоғамының өңірлік филиалында республикалық «Көш көлікті болсын!» акциясы аясында қоғамдық қабылдау өтті деп мәлімдеді "Ақ жол" басылымы. Жиынды «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлімінің басшысы Бақыт Төлемісова ашып, акцияның мақсатын түсіндіріп өтті. Жиынға облыстық ішкі істер департаменті көші-қон басқармасының, облыстық бақылау және әлеуметтік қорғау департаменті, облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының өкілдері қатысып, атамекенге оралған қандастарымыздың айтарына құлақ түрді.

Байзақ ауданынан келген Мейрамбек Қадырбеков, Гүлмира Баданова, Перуза Махамбетова азаматтық алуда кедергілер кездесетінін айтты. Нәтижесінде бұл азаматтардың мәселесі еш қиындықсыз шешілетін болды.

Қоғамдық қабылдауда өзге ауданнан бірнеше қандасымыз онлайн байланысқа шығып, көкейдегі сауалдарын қойды. Атап айтқанда, қордайлықтар Жұлдыз Жаңабаева мен Айнұр Әбдіқадірова, құландық Елдана Оқубаева, шулық Самет Бұйдахан, меркілік Мадина Жарылқасынова байланысқа шығып, азаматтық алу, солтүстік облыстарға көшу, жұмысқа тұру, еңбек өтілінің толық есепке алынуы секілді мәселелердің тәртіп-талаптарының қандай екенін сұрады. Мамандар қойылған сұрақтың барлығына жауап беріп, кейбір мәселені дер кезінде шешіп берді. Сондай-ақ, солтүстік облыстарға тапсырыста көрсетілген, сол жақта зәру мамандық иелері жіберілетіні, мамандарға тиісті жағдай жасалатыны түсіндірілді.