Алматыда қыз алып қашу операциясы тағы да қайғылы жағдаймен аяқталды. Бұл жолы қалыңдық болуға көнбеген 19 жастағы бойжеткен үйдің 8-қабатынан секіріп қайтыс болған. Оқиға шілденің 30-нан 31-не қараған түні орын алды.
Марқұм Тілеугүл Қуаныш Қазақ ұлттық аграрлық университетінің студенті болған екен. Оқиға болар күні оны құрбылары мен достары жездесінен "туған күнге барамыз" деп сұрап алып шыққан. Алайда, қызды ешқандай туған күнге емес, қаладағы көпқабатты үйлердің біріне күштеп алып келген. Жолда Тілеугүл анасына "мені алып қашып бара жатыр" деп СМС те жазып үлгеріпті. Туған-туыстары оны қанша іздегенімен еш жерден таба алмаған. Ақыры таңға жақын бойжеткен жеңгесіне қоштасу хатын жазып, өзі терезеден секіріп кеткен көрінеді.
Қыздың туыстары Тілеугүлді қасақана өлтірген болуы мүмкін дегенді айтып отыр. Тіпті, оны қалыңдық қылу үшін емес, зорлау үшін пәтерге кіргізуі мүмкін дейді олар. Алайда, полицейлер бұл жайтқа қатысты еш ақпарат берген жоқ. Тек бойжеткеннің қайтыс болғанын ғана растады. Тергеу амалдары басталып кетіпті.