23.07.2017, 12:09

Дүкендер мен жарнамалардағы қателерге айыппұл салынады

Бүгінгі таңда көшелерде, аялдамаларда, дүкендерде ілінген жарнамалардың қазақша нұсқасын оқып, түсіне алмау қалыпты жағдайға айналды. Әсіресе, Алматы сияқты мегополис қалаларда жөн-жосықсыз қатеге толы жарнамалардан көз сүрінеді. Ал, қапарайым тұрғындар мұндай қателер үшін қайда барып, кімге шағымданарын біле бермеуі мүмкін.

Біз осы орайда қала көшелеріне ілінген жарнама қателері үшін кім жауапты екенін Алматы қалалық Тілдерді дамыту басқармасынан сұрап білдік. Басқарма басшысы Мамай Ахетовтың айтуынша, мұндай жарнамаларға кемінде екі рет ескерту жасалынады. Егер одан жарнама иесі оң нәтиже шығармаса ғана, аталмыш басқарма айыппұл сала алады екен.

­­– Кез келген дүкен желісі мен сауда маркеттердің аттарындағы қателіктерге ең алдымен қожайындары жауапты. Дүкендердің маңдайшаларындағы қателерді түзету үшін арнайы ескертпе жасалады. Басқарманың екі рет ескертуден соң ғана айыппұл салуға мүмкіндігі бар. Басқармамыз Қазақстан Республикасындағы тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының Алматы қаласы бойынша жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге дайын. Ол үшін  2017 жылға бірқатар іс-шарларды ұйымдастыру жоспарланып отыр, - дейді Мамай Ахетов.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі Алматы қаласында бірқатар құжаттар қазақшаланған. Оның ішінде Алматы қаласының жергілікті атқарушы органдарының құжат айналымындағы қазақ тілінің үлесі кіріс хаттары бойынша – 46, шығыс және бастамашыл хаттар бойынша 62 пайызды құраған.

Қазіргі таңдағы өзекті мәселенің бірі – мемлекеттік қызметшілерге қазақ тілін оқыту, оларды мемлекеттік тілде іс жүргізуге үйрету болып табылады. Осы мақсатта арнайы тапсырыспен жыл сайын түрлі салалар бойынша орысша-қазақша терминологиялық анықтамалық сөздіктердің, орысша-қазақша тілдескіштердің, ресми іс қағаздары үлгілерінің жинақтары шығарылып, электронды нұсқасымен бірге кітап және диск түрінде таратылған.

Басқарма басшысының айтуынша, Алматы қаласы әкімдігі құрылымдық бөлімшелерінің құжат айналымындағы қазақ тілінің үлесі туралы мәлімет мекемелерден ай сайын алынып отырады екен.

– Қазақстан Республикасындағы тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі 2017-2019 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің  арнайы қаулысы қабылданғаннан кейін аталмыш жоспарға ішінара өзгертулер енгізілуі мүмкін. 2017 жылы жұмыстар негізінен құжат айналымындағы қазақ тілінің үлесін арттыруға, тілдерді оқыту курстарының жұмысын жетілдіруге және мемлекеттік тіл саясатын насихаттауға арналған мәдени-көпшілік іс-шаралар мен түрлі қалалық байқауларды ұйымдастыруда жұртшылықты көптеп тартуға бағытталатын болады, - дейді Мамай Ахетов.

Басқарма жоспарының тағы бір бағыты – мемлекеттік тіл саясатын насихаттауға арналған мәдени-көпшілік іс-шаралар, конференциялар, семинарлар мен дөңгелек үстелдер және түрлі тақырыптарда байқаулар мен оқулар өткізу екені сөзсіз.

Ал басшылық  бұл бағытта «Тіл – татулық тірегі» атты мерекелік іс-шара, «Пушкин және Шевченко оқуларын» өткізгенін тілге тиек етсе, «Тіл шебері» қалалық байқауына үш тілді – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген жастар қатысқанын айтады.

Осылайша тілдерді басқару басқармасы жарнамалармен, құжаттарды қазақшаландырумен ғана емес, мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастырып, қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтуге жұмыс істеуде.

 

Ақбота Мұсабекқызы