Стоматологияда тісін сәтсіз жұлдырған ер адам клиникадан ірі сома өндіріп алды, деп жазады sputniknews.kz елордалық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2016 жылы науқас тісін жұлдыру үшін клиникаға барған. Стоматолог тісті ауыруды сездірмейтін дәрінің көмегімен жұлған. Содан кейін дәрігер емделушіден рұқсат сұрамай, дәрі көтеріп, көтермейтінін тексермей антибиотик еккен.
Кешке ер адамның терісі қыши бастаған. Таңға қарай қышыма күшейіп, терісі қызарып ерні мен көзінің үсті ісіп кеткен. Науқастың жүрегі айнып, басы айналған, сосын есінен танып қалады.
Ер кісінің анасы жедел жәрдем шақырады. Шокқа қарсы шаралар қабылдағаннан кейін науқасты ауруханаға жатқызады, ол жерде ол төрт күн болады.
Зардап шегушінің шағымы Астана қаласының Алматы аудандық сотында қаралды. Сот талап аразды қанағаттандырып, ер адамның пайдасына 300 мың теңге өндіріп берді. Шешім заң күшіне енді.