Қазақстанда ҮЕҰ қызметі саласындағы заңнамаға қабылданған өзгерістер аясында 2015 жылдың соңында үкіметтік емес ұйымдардың Дерекқоры жасалғаны белгілі. Ал, 2016 жылдан бастап қазақстандық ҮЕҰ, сондай-ақ, халықаралық және шетелдік ҮЕҰ филиалдары мен өкілдері ҚР «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Заңының 41 бабы, 5 тармағына сәйкес жыл сайын 31 наурызға дейін уәкілетті органға (дін істері және азаматтыұ қоғам министрлігі) өзінің қызметі туралы мәлімет жібереді.
Өткен жылы еліміздің үкіметтік емес ұйымдарына қатысты бірқатар жаңашылдықтар енгізілген еді. Олар гранттар мен сыйақылар түріндегі жаңа қаржыландыру көздері, мәліметтер базасына үкіметтік емес ұйымдарды енгізу, гранттық қаржыландыру операторын құру, үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс істейтін уәкілетті органды айқындау, осы аталған өзгерістерді талдап отыру, т.б.
– Үкіметтік емес ұйымдар туралы мәліметтер үкіметтік емес ұйымдармен №51 бұйрықпен бекітілген осы Қағидалардың қосымшасындағы нысанына сәйкес қазақ және орыс тілдерінде жыл сайын есептік мерзімнен кейін әр жылдың 31 наурызына дейін поштамен немесе қағаз және электронды нұсқада (Word форматында CD-дисктерде немесе USB-флэш-жинақтаушыларда) ұсынылады. 2017 жылғы 31 наурызға дейін поштамен немесе қағаз және электронды нұсқада (Word форматында CD-дисктерде немесе USB-флэш-жинақтаушыларда). 2017 жылғы 1 наурыздан бастап ҮЕҰ мәліметтерді ҮЕҰ Дерекқорының http://іnfonpo.kz интернет-порталы арқылы ұсына алады. Интернет-порталға ХҚКО алынған ЭЦҚ көмегімен кіруге болады. ҮЕҰ Дерекқорының http://іnfonpo.kz интернет-порталына кіргенде ҮЕҰ порталмен жұмыс істеудің қадамдық алгоритмі берілген Қолданушының нұсқаулығымен таныса алады, - дейді «Ақпараттық-ресурстық орталығы» ҚҚ директоры Алтынай Көбеева.
Сондай-ақ, өткен жылы «100 нақты қадам» Ұлт жоспары шеңберінде үкіметтік емес ұйымдарға бірінші рет гранттар беріле бастады. Бұл мемлекеттік тапсырысқа жатпайтын үкіметтік емес ұйымдарды қаржыландырудың жаңа көзі болып табылады. Ал биылғы жылы грант бойынша қаржыланд ыру көлемі 612 миллион теңгені құрап, 10 әлеуметтік сала мен 47 тақырыпты қамтиды.
Айта кетейік, ҮЕҰ деректер қорына тіркелген ұйым мемлекеттік тапсырыс бойынша конкурстарға қатысатын болса, қолданыстағы заңнамаға сәйкес қосымша ұпайға ие болады. Сонымен қатар, infonpo.kz сайтына тіркелу де ҮЕҰ-ға грант ұтып алуға болатын конкурстарға қатысуға мүмкіндік береді, ҮЕҰ-ның деректер қорында тіркелмеген ҮЕҰ мемлекеттен бөлінетін гранттарды ұтып ала алмайды.
Алтынай Орманқалиқызының айтуынша, қосымша ынталандыру, қызығушылықтарын ояту, үкіметтік емес сектордың тұрақтылығын арттыру мақсатында 2017 жылдың 1 шілдесінде ҮЕҰ үшін сыйақы алу үшін конкурс жарияланған. Биылғы жылы ҮЕҰ-ға сыйақы беруге 68 миллион теңге қаржы қарастырылыпты.
– ҮЕҰ-ға дерекқорды қалыптастырудың маңызды екендігін қайталап айтқым келеді. Кез келген тетіктің тиімділігі тәжірибе арқылы анықталады. Сондықтан, ҮЕҰ-ны мемлекеттік қолдау жүйесін әрі қарай жетілдіру үшін деректер қоры түріндегі жаңа тетікті тексеруді бірлесіп жүзеге асырған жөн, - дейді ол.
Бүгінгі таңда «ҮЕҰ Дерекқоры» интернет-порталы іске қосылды. Әзірге портал сынақтық режимде жұмыс істеп тұр. Интернет – порталды жалпыға ортақ қолдануға енгізгеннен кейін ҮЕҰ жыл сайын өз қызметі туралы ақпаратты қолданушылардың жеке кабинетіндегі Үлгіге сәйкес жаңартып отырады деп күтілуде. Енді ҮЕҰ электронды портал арқылы өздері туралы мәліметтерді еркін енгізіп, өздігімен толтыра алады, сонымен бірге жаңартып отыруға да мүмкіндіктері бар.
Ақбота Мұсабекқызы