$ 498.34  519.72  4.85

Алматылық жүргізуші балалы әйелге: "Балаларың өліп қалсын!" (ВИДЕО)

Алматыда көлігімен тротуарға шығып кеткен жүргізуші балаларымен жүрген әйелді қарғап кетті деп жазады Patrul.kz. Жас ана көлік жүргізушісіне жол бермей, автомобильге арналған жолмен жүруін талап еткен екен. Соған бола жас жігіт кішкентай балалардың өліп қалуын тілепті.

Оқиға "Айнабұлақ" шағынауданында орын алған. Көлік тығынын айналып өтпек болған "ақылды" жүргізуші адамдар жүретін жолға шығып кетіпті. Алайда, сол жерде балаларымен серуендеп жүрген әйелдер оның жолын бөгеп, кері қайтуын талап еткен. Әйелдердің бұл талабына жас жігіт қарғыспен жауап берді.

Бейнеролик әлеуметтік желілер арқылы тарағаннан кейін алматылық полицейлер аталған жүргізушіні ұстағандарын мәлімдеді.

"Біз шұғыл іздеу жұмыстарын жүргізіп, тротуарға шығып кеткен Chevrolet және Nissan Murano көліктерінің жүргізушілерін анықтадық. Олар полиция бөлімшесіне шақыртылды және ҚР Әкімшілік кодексінің 596-бабы 1 тармағы бойынша хаттама толтырылды. Сондай-ақ, әйелді балағаттап кеткен жүргізушінің жүргізуші куәлігі болмаған. Оның көлігі қазір айыппұл тұрағына қойылды", - дейді Алматы қалалық ІІД жергілікті полиция қызметі іздеу бөлімінің басшысы Ерік Насырбеков.

Ал, полиция бөліміне келіп "есін жиған" жас жігіт болса өзі қарғаған әйелден де, барша ел тұрғындарынан да кешірім сұрады.

"Кеше кешке жол жабық болғандықтан мен тротуармен жүрдім. Ыңғайсыз жағдайға тап болдым. Ашуым кеп тұрғандықтан аузымнан жаман сөздер шығып кетті. Не болғанын өзім түсінбей қалдым. Барлық қазақстандықтардан кешірім сұраймын, мен ашу үстінде айтып қойдым. Мен кішкентай балаларды ренжіткім келген жоқ, әйелдерден де кешірім сұраймын, мұндай екінші рет қайталанбайды", - деді балалардың өліп қалуын тілеген жас жігіт.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#видео