09.08.2017, 02:56

15 жасар қарындасын зорлап, жүкті қылған азғынды сот небәрі 2 жылға бас бостандығынан айырған

Шығыс Қазақстан облысында 34 жастағы азғын өзінің немере қарындасын үш рет зорлаған. Салдарынан, 15 жастағы жеткіншек қыз жүкті болып қалыпты. Ал, кәмелетке толмаған қызды зорлағаны үшін судья азғынды небәрі 2 жылға соттаған деп мәлімдеді КТК телеарнасы.

Қуаныш Мұхтарханов қарындасын әбден қорқытып тастаған. Біреуге тіс жарса соңы жақсылықпен аяқталмайтынын ескертіпті. Қорыққан қыз көрген қорлығын ешкімге айтпай жүргендіктен, ата-анасы жүктіліктің 6 айлығы болғанда бұл масқараны бір-ақ біліпті. 

Әкесі Нұржан Сіләмбаев ағасынан туған жалғыз бауырының озбырлығына әлі де сене алмайды. Тіпті ол қол жұмсауға да дәті бармай, істі сотқа берген екен. Бірақ қыздың ата-анасы судья барлығын бұрмалап жіберді дейді. Өйткені, бар жоғы екі жылға ғана бас бостандығынан айырылған. Сондай-ақ, моральдық өтемақы ретінде 800 мың теңге төлеуді міндеттепті.

Нұржан Сіләмбаев, Айгүлдің әкесі:

- Соттың шешіміне мен риза емеспін. Жеңілдік берді. Мысалы, біреуге қол жұмсасаңыз екі жылға кетесіз. Бізде, кәмілеттіке толмаған 14 пен 16 жастағы баламен жыныстық қатынасқа түсу деген заң бар. Мынау онымен де кетпей отыр.

Істі жабық жағдайда қараған судья жәбірленуші тарап үкіммен келіспесе, прокуратураға 15 күнің ішінде арыз түсіре алатынын айтты. Ал әділдік іздеген Айгүлдің ата-анасы құзырлы органдардың істі басынан бастап қайтадан қарауын сұрап отыр. Олар қыздарын балалық өмірмен ерте қоштастырған азғынға қатаң үкім кесілгенін қалайды.