Астанада көпқабатты үйдің үшінші қабатынан құлауға сәл қалған 3 жасар қызды куәгерлер құтқарып қалды. Құтқару операциясын көршілердің бірі ұялы телефонның бейнекамерасына түсіріп, Instagram әлеуметтік желісіне жүктеген.
Оқиға бүгін түстен кейінгі уақытта орын алған. Қызды құтқарған үш жігіттің бірі - 29 жастағы Дәулет Иманжанов. Ол 25 жастағы досы Азамат Тоқтомысовпен 187-ші көшедегі 18/3-үйге жұмыс бабымен келіпті.
"Біз досыммен жүк тасымалымен айналысамыз. Аулаға кірген кезімізде екі ер азамат кішкентай қызды жерде тұрып қағып алуға әрекеттеніп жатыр екен. Біз дереу Газельмен терезенің астына барып тұра қалдық. Жүксалғыштың төбесіне досыммен және тағы бір ер адаммен шығып, қызды түсіріп алмақ болды. Жанымыздағы үшінші адамның иығына шықтым, қызды түсіріп алдым", - дейді Дәулет Иманжанов Tengrinews.kz порталына берген сұхбатында.
Оның айтуынша, кішкентай қыз терезедегі жұқа торды итеріп құлатып, терезенің сыртқы бөлігіне шығып алған екен. Бұл сәтте үйде ешкім болмаған.
"Ол терезенің жақтауында аяғын салбыратып отырды, әбден жылағаны көрініп тұр. Мен иығына мінген ер азамат оны өзіне алып жұбата бастады, көршілерінен сұрап, қай пәтерде тұратынын біліп алдық. Кейін анасы келді, біз жұмысымызбен кетіп қалдық", - деді ол.