Петропавлда алғашқы тың игерушілерге арналған ескерткішке қатысты дау толастар емес деп мәлімдеді КТК телеарнасы. Ескі трактор 50 жыл тұрған тұғырынан тайғанда, жұрт оны белгісіз біреулер темірге өткізіп жіберді ме деп ойлаған. Сөйтсе, бәріне бұқара наразылығына төтеп бере алмай, екі сөйлеген әкімдік кінәлі болып шықты.
«Сталинец» деген маркалы трактор қаладан 10 шақырым жердегі аудандық коммуналдық шаруашылық аумағынан табылды. Алғашқыда қалалық әкімдік «ескерткіштің жоғалуына еш қатысымыз жоқ» деп ат-тондарын алып қашқан. Алайда әлеуметтік желілерде шу көтерілгенде, естерін жиған атқамінерлер екі сөйлеуге мәжбүр болды. Олар «ескі трактор сол маңға төселіп жатқан жаңа жолдың құрылысына кедергі жасады» депті. Бірақ бұл жолдың осыдан екі жыл бұрын Елбасының Петропавлға келген сапарында салтанатты түрде пайдалануға берілгенін ескерсек, шенеуніктердің бұл сөзі де ақылға сыймайды. Әбден жаңылған атқамінерлер енді ескерткішке қатысты мүлде өзге ақпарат беріп отыр.
Жанар Жанғазина, Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы:
- Ескерткіш өңдеу үшін орнынан алынды. Оны сырлап, жөндеп қалпына келтірген соң басқа жерге орнатамыз. Жуырда қалада тыл еңбеккерлеріне арналған аллея ашылады. Мүмкін сол жерге апарып қоярмыз.