Шымкентте көпірден секіріп кеткен жас жігіттің өмірін дәрігерлер аман сақтап қалды. Дегенмен оның жағдайы ауыр деп хабарлайды ОҚО ІІД баспасөз қызметі.
Оқиғаға куә болғандардың айтуынша, 22 жастағы жігіт Ордабасы алаңындағы көпірден секірген. Оның жанында ешкім болмаған. Қазір түрлі дене жарақатын алған тұрғын Шымкент қалалық жедел жәрдем ауруханасында ем қабылдауда. Дәрігерлер науқастың жағдайын «ауыр» деп бағалап отыр.
ОҚО ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Қаракөзованы айтуынша, науқас жүйке ауруымен ауырған көрінеді.
«Әл-Фараби аудандық полиция бөліміне 1995 жылы туған жігіттің көпірден құлағаны туралы хабар түсті. Аталған полиция бөлімі осы жәйтке байланысты Қылмыстық Кодекстің 105-бабы («Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу») бойынша іс қозғады. Жігіттің туған-туыстары анықталып, жауап алынды. Анасының айтуынша, ұлы соңғы екі жылдан бері жүйке ауруына шалдыққан екен. Көпірден секіретіндігін жиі айтып келген. Қалай болғанда да, полиция қызметкерлері тергеу шараларын жүргізуде. Анық-қанығы кейін белгілі болады», - деп атап өтті Салтанат Қаракөзова.