22.08.2017, 11:37

Оралда 12 жасар баланы көлігімен қағып кеткен Ресейдің вице-консулы жазаланбайтын болды

Оралда жолдың жаяу жүргіншілерге арналған бөлігімен өтіп бара жатқан 12 жасар баланы көлігімен қағып кеткен Ресейдің вице-консулы жазаланбайтын болды деп жазады "Мой город" порталы. Оның елшілік иммунитеті болғандықтан ешқандай жауапкершілікке тартылмайды.

19 тамыз күні Хұсайынов пен Шаған-Жағалау көшелерінің қиылысында орын алған жол көлік оқиғасы туралы БҚО ІІД Жергілікті полиция қызметінің жетекшісі Манарбек Нәжиев айтып берді.

"Жасөспірім бала жаяу жүргіншілерге арналған жол бөлігін жүгіріп өткен. Осы сәтте ол "Тойота" маркалы көліктің артқы бөлігіне соқтығысыпты. Кейінірек белгілі болғандай, аталған автокөлік Ресей Федерациясының консулдығына тиесілі екен. Ал, көлік тізгінінде вице-консулдың өзі болған", - деді М.Нәжиев.

Оның айтуынша, сол күні баланы аурухананың жарақат бөліміне жеткізген. Дәрігерлер оған тиісті көмек көрсеткеннен кейін үйіне жіберіпті. Баланың өміріне ешқандай қауіп төбеген.