$ 445.66  474.58  4.78

Шымкентте көлігімен 3 адамды қағып кеткен шенді полицейдің көлігінен қару табылған (ВИДЕО)

Шымкентте қымбат көлігімен бір үйдің үш адамын қағып кеткен шенді полицей 32 жастағы Жандос Оразалиевтің көлігінен қару-жарақ табылған. Аталған апат салдарынан отағасы Ғалымжан Маханов қайтыс болып, оның әйелі мен 7 жасар ұлы ауыр халде ауруханаға жеткізілген болатын.

Облыстық прокуратура таратқан мәліметке сәйкес, полицей мемлекеттік номері 088 OMM 13 деген BMW 520 автокөлігін жүргізген. Ол жоғары жылдамдықпен жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, бағдаршамнан өткелі тұрған үш адамды қағып кетті. Жәбірленгендерге көмек көрсетудің орнына шенді полицей көлігінің номерлерін шешіп алып, өз ісімен кеткен. Ал, автокөлікті тексеру кезінде оның жүксалғышынан 4 бірдей қару табылыпты.

"Автокөлікті тінту барысында 4 бірдей қару-жарақ табылды ("Сайга, Драгунов снайпер мылтығы, Симонов карабині, браунинг типті тапанша). Олар полицейдің қайтыс болып кеткен әкесі Мәлік Оразалиевке тиесілі", - делінген облыстық прокуратура таратқан хабарламада.

Прокурорлардың айтуынша, адам қаққан Жандос Оразалиевтің қанында алкогольдің немесе есірткінің ізі жоқ. Яғни, ол көлік жүргізген кезде сау болған. Қазір күдікті уақытша қамау абақтысына жабылып, оның үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің екі бірдей бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.

Жандос Оразалиев – ОҚО-дағы аудандық ІІБ-нің басшысы, танымал полицейлердің әулетінен шыққан. Ағасы Молдияр Оразалиев 1996 жылы генерал-майор шенін алған. Әкесі Мәлік Оразалиев Сайрам аудандық ІІБ-ні басқарған, 2013 жылы қайтыс болды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары