Шымкентте «Оңтүстік» туризм орталығы облыс әкімдігінің қолдауымен «Мейрамаханалық әдеп стандарты» және «Қонақүй бизнесі» атты 6 күндік семинар-тренингтерін өткізуде.
Шымкент қаласындағы түрлі кафе-мейрамханалардың даяшылары мен әкімдік қызметкерлері, жалпы саны 40 адам семинар-тренингке қатысуға ниет білдірген. Олар екі топқа бөлініп, «RIXOS» қонақүйінің «Қажымұқан» атындағы мәжіліс залында Надежда Уткинаның мейрамхана әдебі жайлы семинарын тыңдады.
Семинар-тренингке қатысушылардың бірі Қансейіт Тілеуберді Қ.Сәтбаев атындағы Қаз ҰТЗУ-дың ІІ курс студенті.
– Семинарға қатысушылардың дені дәмхана, мейрамхана қызметкерлері. Ал мен жазғы демалыста уақытымды босқа өткізгім келмеді. Мейрамхана әдебін меңгеріп, үйде қонақ күткенде ата-анама көмектессем деймін. Сондай-ақ, мейрамханаға кіргенде мұндай мәдениеттен хабардың болғаны да абырой емес пе? – дейді Қансейіт.
Ал Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де туризм саласы бойынша біліктілігін арттырып жүрген 3 курс студенті Элиз Мейірбек өз саласында үздік болу үшін барлығын үйренуге құштар.
«ОҚО Туризм индустриясын дамыту орталығы» Ассоциациясының директоры Г. Ақбердиева «даяшылықты» жауапты қызмет деп санайтынын жеткізді.
– Бізде бұған дейін жұмыс таба алмағандар ғана даяшылық қызметке баратын. Қазір адамдардың көзқарасы өзгерді, талап басқаша. Кез келген дәмхана, мейрамханаға кіргенде ең әуелі даяшының әдебі ескеріледі. Сервистің сәнін келтіріп, әрбір тағамын ілтипатпен ұсына алған даяшы келушіні баурап алады. Ал ыдыстарды үстелге орналастыру мәдениеті, тамақтану кезіндегі жайлылық жоғары бағаланатыны сөзсіз. Мұндай сапаны меңгерген даяшы да табысты жұмыс істейді. Семинар-тренингтің мақсаты да сол. Бұл жолғы сабақтар ақысыз өтті және даяшы қызметіндегілер үйренгенін өзі қызмет ететін мейрамхана қызметкерлерімен бөліседі, – дейді Гүлмира Асатіллақызы.
Тренингте классикалық ыдыстарды үстелге дұрыс орналастыру, тақырыптық асxана жабдықтарын қолдану жағы да қамтылды. Мейрамхана әдебін үйренушілер соңғы күні психолог жаттықтырушымен жұмыс істеп, семинар-тренингтің сертификатын алды. Болашақта даяшылық қызметке мейрамхана әдебін меңгерген арнайы сертификаты бар мамандар тартылмақ.
Ал «Қонақүй бизнесі» тақырыбындағы сабақтар «Канвас» қонақүйінде жалғасуда. Семинар-тренинг 5 тамыз күні аяқталып, қатысушылар сертификатқа ие болады.