$ 494.87  520.65  4.91

Айсұлтан Назарбаев өзінің нашақор болғанын жасырмай жайып салды

Дариға Назарбаева мен Рахат Әлиевтің кіші ұлы Айсұлтан Назарбаев отбасындағы дау-жанжал кезінде өзінің есірткіге тәуелді болып қалғанын мойындады. Бұл туралы ол өзінің Facebook-парақшасында жазған.

«Мен әуел баста Facebook әлеуметтік желісіне тек шындықты жазу үшін тіркелген болатынмын. Өмірде түрлі проблемалар болуы мүмкін, бірақ, өтірік - шырмауынан шыға алмайтын тұзақ секілді. Өзімнің осы жасыма қарамастан мен оны жақсы білемін. Маған өте ауыр індетпен күресуіме тура келген. Мұндай ауыртпалықты Жаратушы ешкімнің басына салмасын», - дейді Айсұлтан.

Атасы Мұхтар Әлиев пен әкесі Рахат Әлиевтердің бірінің артынан бірі қайтыс болуы Айсұлтанға өте ауыр тиген көрінеді. Осы ауыртпалықты ұмыту үшін Елбасының жиен немересі есірткіге салынып кеткен. Алайда, Нұрсұлтан Назарбаевтың ерекше қамқорлығынан кейін Айсұлтан айығып, аяққа тұрып кетіпті.

«Атам Нұрсұлтан Назарбаев ерекше қамқорлығына алды. Мемлекет басшысы күндіз 17 миллион халықтың проблемасын шешумен айналысса, кешке бір ғана немересіне уақытын бөлетін. Мен ол кезде атамның қаншама энергия, денсаулық пен уақытын жұмсағанын түсінбеппін. Сондықтан мен нашақорлыққа ұрындым. Қиындықты сол есірткімен ұмытатын шығармын деп ойладым. Нашақорлық - қоғамның дерті, ал жалғыз адамның айықпас ауруы. Алғашқыда өмір керемет болып көрінді. Проблемаларды ұмыттым. Алайда, бұл тек алғашқы әсер екен. Аз уақыт өткен соң есірткі адамның бүкіл ішкі органдарының жұмысын бұзып, күрделі ауруларды тудырады. Дер кезінде тоқтай алмағандарды өлім күтіп тұр», - дейді Елбасының жиен немересі.

Айсұлтанның нашақорлықтан айығуына Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей ықпалы бар көрінеді. Президент Айсұлтанды жігерлендіріп, есірткімен күресуде көп көмегін тигізген.

«Мен атама өміріммен қарыздармын. Ол мені бір емес, екі рет құтқарып қалды. Ол кезде жас болғандықтан мұны түсінуге ақылым жетпепті. Бірақ, қазір бәрін білемін. Әрине, қазір жанымда ең жақын адамдарым бар, олар қолдау көрсетіп отыр. Бұл өте маңызды. Өйткені, нашақорлықты жеңу үшін бір ғана ерік-жігердің болғаны аздық етеді. Бұл аурудың дәрісі жоқ. Мен мұны қысылмай ашық жазуым да бекер емес. Қазір аталған проблемамен көптеген отбасы бетпе-бет келіп отыр. Оларға айтарым, тығырықтан шығатын жол бар. Мәселен, маған Жаратушы көмектесті. Есірткіге еліткен әрбір адам менің не айтқым келгенін түсінеді. Нашақорлардың ешқайсысы кінәлі емес, олар жағдайдың құрбандары. Нашақорлықпен күресу керек, ал нашақорлармен күресу деген - қылмыс», - дейді Айсұлтан Назарбаев.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары