Бүгін ОҚО әкімі Ж.Түймебаевтың төрағалығымен облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою комиссиясы отырысының кезекті мәжілісі өтті. Жиынға комиссия мүшелері, аудан, қала әкімдері мен жауапты баскарма басшылары қатысты.
Күн тәртібінде су тасқыны қауіпін алдын алу және жою бойынша 2017-2020 жылдарға арналған «Жол картасы» жобасына енгізілген 1-кезеңдік іс-шаралардың жүзеге асыру барысы талқыланды. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқарма басшысының міндетін уақытша атқарушы Тұрғанбек Оспанов баяндама жасады.
Оның айтуынша, өңірдегі су тасқынына қарсы инженерлік 98 іс-шара атқарылып, су жинақтау көлемі 342,75 млн. шаршы метрді құрайтын 30 шағын су қоймасы айқындалыпты. Нәтижесінде 12 нысан бойынша жобалау сметалық құжаттама әзірленген. Биыл жергілікті бюджеттен 2 нысанға 174, 2 млн. теңге бөлінсе, қалған 10 нысанға 960,98 млн. теңге қарастырылған. Алайда республикалық жол картасын бекіту кезінде Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 29 нысан енгізілмей қалған. Осы қалған 29 нысан бойынша облыстық деңгейде арнайы іс-шаралар кешені әзірленіп, облыстық бюджеттен 2,1 млрд. теңге бөлінген. Жалпы құны шамамен 6,3 млрд. теңге болатын 30 шағын су қоймасының құрылысын жүзеге асыру IІ - кезеңнен тұрады. Бүгінгі күні аталған жоспардың бірінші кезеңінде жалпы құны 3,8 млрд. теңге болатын 5 жобаны іске асыру жоспарланған.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе - облыс аумағындағы сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Марғұлан Марайым баяндама жасады. Оның айтуынша, жалпы облысымызда 3253 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның бүгінде 1393-і күрделі, 1035-і ағымдағы жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Ал, техникалық зерттеу қорытындысына сай облыста қайта қалпына келтіруге жатпайтын апатты 14 үй бар. Бұдан бөлек, 18 үйдің сейсмо жағдайын нығайту қажет. Биыл 7 үйге облыстық бюджет есебінен 753,0 млн. теңге бөлініпті.
Күн тәрбібіндегі үшінші мәселе - аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу. Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысының қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Нұрбек Нышанов жан-жақты баяндады. Облысымызда кене шағу жағдайлары былтырғы жылмен салыстырғанда 28,9 пайызға төмендеген.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі жауапты басқарма басшылары негізгі үш мәселе туралы нақты тапсырмалар жүктеді.
«Аудан, қала бюджеті есебінен арнайы бағдарлама ашып, авариялық және ескі тұрғын үйлерді бұзуды және сейсмонығайту жұмыстарын күшейту қажет. Бұл ретте құрылыс сапасы қатаң қадағалауға алынуы тиіс», - деді Жансейіт Қансейітұлы.
Сондай-ақ әкім облысымыздағы аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу жұмыстарына мықтап мән беруді тапсырды. Бұл ретте көшелерде сүт және ет өнімдерінің бақылаусыз сатылуына жол берілмеуі керектігі жүктелді.