23.09.2017, 05:33

Қаратауда улы көлден су ішкен жан-жануар қырылып жатыр

Жамбыл облысы Қаратау қаласында кәріз суы жиналған көлден су ішкен төрт түлік қырыла бастады. Соңғы үш тәуліктің ішінде 11 бас жылқы мен 11 бас қой арам қатыпты. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, аталған көлге елдімекен іргесіндегі Натрий-цианид зауытынан шыққан улы қалдықтар төгіліп жатыр екен. Жұтқа да себеп осы дейді шаруалар.

11 жылқы алдымен тәлтіректеп, кейін мүлдем жүре алмайды қалды дейді қаратаулықтар. Не болғанын анықтап болмайынша бірінен соң бірі сеспей қатқан. Қиналғандары сонша, буаз биелер құлын тастап қойыпты. Кейбірінің мұрнынан су аққан.

 

Бұл көлге 40 жыл бойы қаладан шыққан қалдық су құйылып келген екен. Ал екі жылдан бері мұнда натрий-цианит шығаратын зауыттың химиялық шайындылары да төгіліп жатыр. Дәл осы улы су жұтқа себеп болуы мүмкін дейді жұрт. Өйткені содан бері мал-жан мен аң-құстың өлу дерегі жиілеген.

Серікбай Бапахов, Қаратау қаласының тұрғыны:

- Орталық канализация бар қаладан келетін. Соған келіп қосылған. Суларын соған жібереді. Тазаламайды-ау деймін. Сонымен цианид мында кетіп жатыр, содан өлді деп ойлаймыз.

Оқиға болған жерде аудан басшылары тайлы-тұяғымен жүр. Бірақ жағдайға қатысты жарытып жауап бере алмады. Тіпті, барынан айырылған шаруаларға шығын көлемі өтелер-өтелмесі де белгісіз. 

Берік Қаратаев, Талас аудандық ветеринария бөлімінің бас маманы:

- Біз енді судан өлген деп отырмыз. Әзірге растай алмаймыз, бұл біздің күдігіміз. Әзірге лабараторияның қорытындысы келгенше нақты жауап айта алмаймыз.

Осыдан бір жарым ай бұрын мына көлден су ішкен 4 бас жылқы арам қатқан екен. Ал екі күн бұрын тағы бір шаруаның 11 бас қойы өлген. Жұрттың айтуынша, содан кейін тексеру жүргізген мамандар, малдың жаппай өлу себебін анықтай алмаған. Осы деректен соң ветиринарлар тағы да сараптама тағайындады. Ал шаруалар бұл оқиға да жабулы қазан күйінде қала ма деп қорқып отыр.