$ 494.87  520.65  4.91

Жәрмеңкеде бәрі бар, қолөнерді бағалайтын жан болса… (ФОТО)

Алматыда демалыс күндері қолөнершілер жәрмеңкесі өтті. Жиырма жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан жәрмеңкеге Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, және Ресейден келген қолөнершілер қатысты.

Қолөнершілер жәрмеңкесінде этностильде киімдер, аяқ киім және әшекейлер, киізден жалаған панно және қолдан жасалған кәдесыйлар, қазақи кәдесыйлар, ағаштан және керамикадан жасалған  ыдыс-аяқтар, қазіргі заманға сай күміс және бисерден жасалған әшекейлер, қолдан жасалған көрікті сөмкелер мен ойыншықтар, қазақстандық агатпен көмкерілген әшекейлер мен табиғи тастардан жасалған кәдесыйлар, шляпалар, мойынорағыштар, киізден жаслаған аяқ киімдер мен көптеген заттар қойылды.

– Жалпы, қолөнершілер жәрмеңкесін ұйымдастырып келе жатқанымызға 20 жылдан асты. Әр айдың соңында осындай жәрмеңкелер ұйымдастырып тұрамыз. Тек шілде және қаңтар айында болмай, қалған 10 айдың бәрінде қолөнерді дәріптеп келеміз. Бұл жолы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бірнеше елден қолөнершілерді шақырдық. Кейде өзімізде өзге елге барып, жәрмеңкелерге қатысып тұрамыз. Негізгі мақсат, қазақтың қолөнерін дәріптеп, тарихын насихаттау, - дейді ұйымдастыру тобының менеджері Динара Мырзахметова.

Сондай-ақ, жәрмеңке аясында қолөнер шебері Сева Демидов шеберлік сағатын өткізіп, көрермендердің алдында ескі қолданылмайтын тиындардың көркем бұйымдарға айналуы жүзеге асыруды көрсетті. Ол алматылықтардың алдында түймелер, сақиналар және кулон жасады. Қала тұрғындары ескі қажетсіз дүниеден пайдалы нәрсе жасауды үйреніп қайтты.

Ал, шебер Нурия Ахметова жәрмеңкеге келушілерге ұялы телефонға қаптама жасауды үйретті. Шараға қатысқан алматылықтар енді оны дүкеннен сатып алмай, өз үйлерінде отырып-ақ жасап алатын болады.

Алматылық зергер Рафаэль Узеев болса 925-сынамалы күмістен және табиғи тастардан жасалған сырға және сақиналарын көпшілікке ұсынып, тапсырыстар қабылдады.

– Осындай жәрмеңкелердің жиі болып тұрғаны жақсы. Біз сияқты шеберлер сауданы онсызда жасайды. Бірақ жәрмеңке арқылы қолөнерді насихаттау бөлек әңгіме. Мен осы шараға қатысу туралы ұсыныс алғанда қуана келістім. Себебі біздің халқымыздың, еліміздің, жеріміздің тұнған тарихын қолөнер арқылы көрсету кез-келген шебердің арманы. Оған алматылықтар ғана еемс, шетелдік қонақтар да келіп қатысып жатса, қалай қуанбайсың. Мен бүгін тапсырыстар қабылдап қана қоймай, басқа шеберлермен тәжірибе де алмастым. Ұйымдастырушыларға алғысым шексіз, - дейді Рафаэль Узеев.

Ал келесі күні этностильде жұмыс істейтін «RASAETHNO» тобы Австралии, Жапония, Солтүстік Америка, Еуропа, Орталық Азия, Үндістан және Батыс Африка елдері халықтарының музыкалық аспаптарында ойнаса, Болат Сарыбаев атындағы «Сарыарқа» шеберханасының музыканттары қазақ халық музыкасының қойылымын қойды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша «Қолөнершілер жәрмеңкесі» әр айдың соңында Алматы төрінде келушілеріне есігін айқара ашатын болады. Тек қазақтың ғана емес, түрлі халықтардың тарихынан сыр шертетін жәрмеңкеге келушелір саны уақыт өткен сайын артып келеді дейді олар.

Ақбота Мұсабекқызы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары