$ 498.34  519.72  4.85

Алматыда тіл мамандары латын әліпбиіне көшудегі проблемаларды талқылады

Бүгін Алматы қаласында «Қазақ әліпбиін латын қарпіне көшірудің өзекті мәселелері» атты республикалық конференция өтті. Шараны Алматы қаласының Тілдерді дамыту басқармасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырған.

Конференцияны ашқан Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Мамай Ахетов Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында Алматыда бүгінге дейін жүздеген ірілі-ұсақты шараның өткенін айтты. Олардың басым көпшілігі қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуіне арналған. Басқарма басшысының айтуынша, бұған дейінгі шараларда жұрт тек жаңа әліпбиге көшуді жаппай қолдап келген болса, бүгінгі конференцияда латын қарпіне көшудің проблемалары мен оларды шешу жолдары қарастырылды.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Қазақ тілі теориясы мен әдістемесі кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Фаузия Оразбаеваның айтуынша, Парламентке ұсынылған латын әліпбиінің соңғы нұсқасы әлі де болса түзетуді қажет етеді.

– Дауысты дыбыстың екі әріптік таңбасынан тұратын сөздер біріншіден, олардың көлемі ұлғаяды. Екіншіден, оларды тасымалдауға келгенде диграфтың екеуінің қайсысы қай жақта қалады? Біздің тасымалдық, буындық ережемізге оның параметрі толық сәйкес келмейді. Қазақ тілінің келесі ерекшелігі – түбірі өзгермейтін тіл. Орыс тілінің түбірі өзгереді. Осы әліпбимен берген сөздің түбірі мен қосымшасын айыру қиынға түседі. Егер сөздің оқылуы не жазылуы қиын болса, біз ком­муникативтік деңгейге, яғни тіл­десуге жете алмаймыз. Саяси әлеу­меттік параметрлері мемле­кет­тік тіл мәртебесіне, ақпарат құралдарына, іс-қағаздарына және тағы басқаларына байла­нысты. Егер осындай бағыттағы әліпби қабылданса, мынадай саяси қауіптер орын алуы ғажап емес. Адамдар сөздерді орфоэпия­лық нормамен оқымай, сөздерді жаза алмай сауатсыздыққа ұры­нады. Қазақ мектептерінің білім сапасы төмендеп, бұрыннан қа­лып­­тасқан орыстілді ақпарат көз­деріне сұраныс көбейеді. Кітап оқуға, білім алуға ынта азаяды, - дейді филология ғылымдарының докторы Фаузия Оразбаева.

Алматы қаласының Тілдерді дамыту басқармасының Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсаты аясында өткізген аталмыш жиында қазақ әліпбиін латын қарпіне көшірудің нұсқаларына байланысты бірқатар ойлар мен тұжырымдар да сөз болды. Соның ішінде филология ғылымдарының докторы Байынқол Қалиев қос таңабалы әріптерге қатысты өз пікірін білдірді.

– Қазақ тіліндегі 42 әріптің ішін­дегі 12 дыбыс қазақтың өзінің дыбыстары емес. Орыс тілінен келген сөздер тура солай жазылу керек деп Кеңестік идеологиямен жазылды. 90-жылдардың бас­тауында Елбасымыздың латын әліпбиіне көшу керек деген ойын естіген кезде, алғаш құптағандар­дың бірі болдым. Қазір міне, латын әліпбиіне көшуді қозғап, жан-жақты талқылап жатырмыз. Ел арасында дау туғызатыны – қазақтың төл дыбыстарының бел­гіленуі. Латын әліпбиіне көшуде үнемділік, экономикалық жағы­нан тиімді, техникалық жағынан ыңғайлы деген тұрғыда диграф­тар­мен белгілеу ұсынылды. Бірақ өз басым «ae» екі әріп қосылып «ә» дыбысын білдіреді дегенге қарсымын. Бұл жерде «һ» дыбы­сын ғана пайдалануды ұсынамын. Бұл – дыбыс емес, таңба. Ол оқыл­­майды. Төл дыбыстары­мызды белгілеуде жанына «һ» әрпін қойсақ тиімді деп санай­мын. Мектепке келген балаға мынау «а» әрпі, мынау «е» әрпі деп үйретіп, кейін екеуі қосылса «ә» әрпі болды дегенді қалай түсіндіреміз?! Кириллицаның дыбыстарын қазақтың төл дыбыс­та­рының ішіне кіргізу керек, - деді ол.

Конференцияның мақсаты – қазақ әліпбиін біртіндеп латын қарпіне көшірудің өзекті мәселелеріне талдау жасау және сонымен бірге болуы мүмкін проблемалар мен оны шешудің жолдарын қарастыру.

Аталмыш жиынға танымал лингвист-ғалымдар, білім, ғылым мекемелерінің мамандары, жас ғалымдар, докторанттар, магистранттар, мемлекеттік органдардың тіл мәселесіне жауапты қызметкерлері, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Мөлдір Бегімбет

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары