16.09.2017, 10:58

Латынға көшу қазақ әліпбиінің таза қалпын сақтауға мүмкіндік береді

Жамбылдық педагогтар осылай дейді. Кеше облыстық оқу-әдістемелік орталықта бас қосқан облыстың ұстаздары қазақ тілінің латын әліпбиіне көшу барысын талқылады.

Айта кетейік, латын әліпбиіне көшу идеясын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ондаған жыл бұрын көтергенімен, іс жүзінде бұл бастама енді ғана жүзеге аса бастады. Биыл сәуір айында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарық көргеннен кейін Президент әкімшілігі мен Үкімет тарапынан арнайы комиссия құрылып, латын әліпбиінің қазақстандық нұсқасын әзірлеуде.

ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мәлімдегендей, әліпбидің жаңа нұсқасы жыл соңына дейін бекітілмек. Алайда, Тілдер институтының Парламентке ұсынған соңғы жобасы қоғамдық пікірді екіге жарды. Бір тарап «бір әріп – бір таңба» деген принципті ұстанса, екіншілері жаңа әліпбидің формасы дұрыс екеніне күмән келтірмейді.

Дәл осы мәселелер бүгінгі мұғалімдердің дөңгелек үстелінде де көтерілді. Жоғары оқу орнының ұстаздары қазақ тілі міндетті түрде латын әліпбиіне өтуі керек деп есептейді. Бұл өз кезегінде болашақта ана тіліміздің қаз-қалпында сақталуына кепіл болады дейді олар.

Дөңгелек үстел «Латын әліпбиіне көшу – заман талабы» деген айдармен өтті. Оған жоғары оқу орнының ғалымдары, техникалық және кәсіптік білім мекемелерінің оқытушылары, жалпы білім беретін мекемелердің қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті және тарих пәндерінің  мұғалімдері – барлығы алпысқа жуық маман қатысты.

Жиын барысында баяндама оқыған педагогтар қазақтардың бұған дейін де латынша жазып, хат танығандығын алға тартып, өскелең ұрпақтың әліпби ауыстырғанда қиындық көрмейтінін айтты. Сондай-ақ, Өзбекстан мен Тәжікстан елдерінің латынға көшудегі қателіктерін де мұғалімдер тізбектеп айтып берді. Алдағы уақытта ғалымдар осы қателіктерге ұрынбауы керек дейді олар.

«Орталық Азиядағы қос мемлекет тәуелсіздіктерін алған уақытта-ақ әліпбилерін латыншаға ауыстырған болатын. Алайда, әліге дейін халқы жазу-сызуда түрлі кедергілерге тап болып отыр. Түркида да өз қиындықтары бар. Біздің елде өскелең ұрпақ бұл проблемалармен бетпе-бет келмеуі керек. Сондықтан, латын әліпбиінің қазақстандық нұсқасын жасағанда барлық тәжірибелерді пайдалануымыз қажет», - деді Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің тарих пәнінің оқытушысы Л.Аликулова.

Дөңгелек үстел соңында ұстаздар қауымы латын әліпбиінің Парламентке ұсынылған соңғы нұсқасын әлі де болса жетілдіру керек деп тарқасты.