21.09.2017, 14:39

Жамбылдық зиялылар латын әліпбиіне көшуге байланысты пікірлерімен бөлісті

Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуін жасы бар, қарты бар, еліміздің тұрғындары жаппай талқылап жатыр десек артық айта қоймаспыз. Тіл мәселесіне келгенде барлық мәселені ысырып қоятын қазақ емеспіз бе?! Ана тіліміздің латынға көшуін талқылап жатқан тұста үн қатпай, шетте қалып қою азаматтыққа, патриоттыққа жатпайды.

Жамбыл облысының зиялылары да осындай пікірде. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде бас қосқан ақын-жазушылар мен ғалымдар ана тілімізге жасалып жатқан реформаны талқылап, Парламентке ұсынылған әліпбидің жобасына қатысты өз пікірлерін айтты. Жиынға сондай-ақ, аталған оқу орнының мұғалімдері мен студенттері де қатысқан болатын.

«Халықты әуелі психологиялық тұрғыда бейімдеу керек. Қазақ тіліндегі ережелер мен емлелерді жетілдіру міндеттеледі. Сондай-ақ, әлемдік тәжірибеге көз салу, яғни ең алғаш болып атаулы қаріпке көшкен Түркия сынды елдердің тәжірибесін пайдалану қажеттігі айтылды. Ендеше, бұл мәселені жылдам шешкенімізбен, барынша сүзгіден өткізуіміз қажет. Қоғамның пікірін тыңдау керек, жаңа әліпбидің жобасын әлі де болса саралаған дұрыс», - дейді М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы Махметғали Сарыбеков.

Айта кетейік, Елбасы сәуір айында жариялаған өз мақаласында әлемнің 100-ден астам елі пайдаланатын латын қарпіне қайта оралу керектігін тағы да айтқан болатын. 11 қыркүйекте жоғары Парламент депутаттарына ұсынылған алғашқы жоба бүгінде қоғамда қызу талқыға түсіп жатыр. 25 таңбалы әліпби мен 8 диграфке қатысты еліміздің түкпір-түкпірінен нақты ұсыныстар мен толықтырулар берілуде.

Жиын барысында ғалымдар ұлттық құндылықтарды қайта жаңғыртуда латын әліпбиінің маңыздылығы мен қажеттілігін насихаттады. Уақыттың тапшылығына байланысты асығыс әзірленген Шайсұлтан Шаяхметов атындағы республикалық мемлекеттік тілді дамыту орталығының жасап шыққан жобасының кемшін тұстарына тоқталып, өз алыпқосарлары бар екендігін алға тартты.

«Латын әліпбиіне көшу әлемдегі қазақ қандастарымызбен ортақ тілге келуге көмек береді. Мен айтар едім, бұл дегеніміз Мәңгілік елге апарар жол болмақ», - деді ақын Қайырбек Асанов.

Бүгінгі басқосудың ортақ ой – ең бірінші қазақ тіліндегі дыбыстарды анықтап алу керек, кейін таңбалау мәселесіне көшу. Біз дүниежүзінде 2,5 млрд халық тұтынатын латын қарпіне көшеміз. Сондықтан қатты өзгеріске ұшыратпай, оңтайлы жолын табу абзал. Дөңгелек үстел Президент жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияға ұсыныстар әзірлеумен қорытыланды.