$ 444.32  473.33  4.76

Алматыда «102» қызметінің операторларына бақылау күшейтілді (ФОТО)

Алматының «102» жедел байланыс қызметі жаңғырудан өтті деп мәлімдеді қаланың Ішкі істер департаменті. Енді аталған желі операторларының қызмет көрсету сапасы бұрынғыдан да артатын болады.

Айта кетейік, полицейлердің «102» жедел желісі халыққа үздіксіз қызмет етуі мақсатында 2013 жылы Израильден Aeonix деп аталатын байланыс-орталық сатып алынған болатын. Аталған аппарат қоңырау шалушылардың барлығының қоңырауын бір сәтте қабылдай алатын мүмкіндікке ие. Маңыздылығына қарай бос операторларға қосып отырады. Ол қоңырауды қабылдап қана қоймай, олардың барлығын көшіріп жазып алады. Сондай-ақ, қоғңыраудың қайдан және қандай телефон номерінен шалынғанын да анықтайтын мүмкіндікке ие.

Бұл жүйе өз кезегінде «102» желісінде отырған операторлардың жұмысын қатал бақылауға да жағдай жасады.

«Әрбір оператордың жұмыс істеу барысын қатаң қадағалау үшін және пайдалы әсер коэфицентін бағалау үшін жедел басқару орталығының үлкен мониторына әр оператордың тәуліктік жұмыс нәтижесі шығарылып отырады (қанша қоңырау қабылданды, олардың қаншауы өңдеуге жіберілді, яғни электронды карта толтыруға). Аппаратта қанша абоненттің қоңырау шалғанын есептеп, сол мезетте көрсетіп тұратын функциясы да бар», - дейді Алматы қалалық ІІД Жедел басқару орталығының басшысы Андрей Квашнин.

Оның айтуынша, 2016 жылы Алматы қалалық ІІД Жедел басқару орталығына қарасты «102» желісінің операторлары 714 427 қоңырау қабылдаған. Ал, 2017 жылдың басынан бері көмек сұрап байланысқандардың саны 500 мыңнан асыпты. Бір ауысымда бір оператор шамамен 250 қоңырауға жауап береді екен. Яғни, күн сайын «102» номері шамамен 2,5 мың адамның қоңырауына жауап беріп, өтініштерді өңдеуге жібереді. Алайда, ҚР ІІМ-нің 2013 жылдың 23 мамырында шығарылған №347 бұйрығына сәйкес, әр оператор бір ауысымда тек 180-200 қоңырауға ғана жауап беруі тиіс екен.

«Қоңырау шалатындардың саны тәуліктің мезгіліне қарай өзгеріп отырады. Мысалы, ең көп қоңырау сағат 15:00-ден 21:00 арасында келіп түседі, бұл уақытта шамамен 700-800 адам хабарласады, яғни әр 45-50 секунд сайын бір қоңырау. Әр қоңырау шалушымен оператор 2-3 минут шамасында сөйлеседі. Бұл енді абоненттің арызына, өтінішіне, жағдайына байланысты. ІІД-нің Жедел басқару орталығында 10 оператордың орны бар, олар күнара ауысып отырады. Әр ауысымда аз уақыттан демалып, кейін қайта жұмысын жалғастырады. Олардың қанша уақыт демалғаны арнайы журналға тіркеліп отырады. Операторлардың жұмысы толық видеобақылау камерасына жазылады», - деп атап өтті Квашин.

Оның айтуынша, «102» желісіне еш себепсіз, немесе болмашы себеп үшін бірнеше рет хабарласатын тұрғындар бар көрінеді. Олар Жедел басқару орталығының жұмысына айтарлықтай кедергісін келтіреді екен. Яғни, жалған арыз үшін полицейлер бірнеше күнін жоғалтып тергеу жүргізетін кездер де болады. Сондықтан, заңға сәйкес, мұндай жалған мәліметпен хабарласатын азаматтарға 30 АЕК көлемінде (68 070 теңге) айыппұл салынады.

Осы ретте айта кету керек, «Алматы – 2020» мемлекеттік даму бағдарламасына «оңтүстік астананы» қауіпсіз қалаға айналдыру жобасы еніп отыр. Бағдарламадағы осы тармақ аясында қала тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігі үшін барлық жағдайлар жасалмақ. Атап айтқанда, полиция қызметкерлері жаңа заманауи қондырғылармен жабдықталып, қалада бейнебақылау камераларының саны мен сапасы артады. Сондай-ақ, көпқабатты тұрғын үйлер мен жеке сектордағы аула және көше жарықтандыруы қалпына келтірілмек. Бұдан бөлек, студент жастар тарапынан еріктілер жасақтары құрылып, жастар шоғырланатын орындар қатаң бақылауға алынады. Жалпы, аталған мемлекеттік бағдарлама аясында Алматы "ақылды" және қауіпсіз қалаға айналуы тиіс.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Фото