Алматыны 2020 жылға дейін дамыту бағдарламасы аясында шаһарды экологиялық тұрғыдан тазарту жұмыстарының жүріп жатқаны белгілі. Мәселен, қазіргі таңда көлігін жанармайдан газға ауыстыру үшін мемлекет тарапынан жеңілдетілген несие беріліп жатыр. Енді қала билігі жылу электр орталықтарын көмірден газға өткізбекші. Бұл өз кезегінде ауаны ластауды 30 есеге дейін азайтады.
Қазіргі таңда Алматының жер үйлері де газға толық қосылмаған. Салдарынан, атмосфераға зиянды заттардың бөлінуі әлі де болса жалғасып жатыр. Мәселен, эколог-мамандардың мәліметінше, 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында ауаға 18 мың тонна лас қалдықтар бөлініпті.
Алматыдағы Газ өнеркәсібін дамыту департаментінің директоры Зияш Қияқбаевтың айтуынша, екінші ЖЭО-2-ні және жер үйлерді көмірден газға өткізу арқылы ауаны ластануды 30 есеге дейін төмендетуге болады. Мәселен, атмосфераға 30 мың тонна лас қалдықтар бөлінсе, газдандырудан кейін бұл көрсеткіш 1000 тоннаға дейін қысқарады екен.
«Өткен жылдың қорытындысы бойынша, Алматының ауасына 285 мың тонна зиянды қалдықтар тасталған. Оның 31 587 тоннасын, яғни 11 пайыздан астамын ЖЭО-2 бөліп шығарған. Егер бұл орталық көмірден газға өтсе қаланың экологиялық ахуалын әлдеқайда жақсартуға болар еді. Біз алдын ала есептеп көрдік, егер ЖЭО-2 көгілдір отынға көшсе ластау көлемі 30 есеге дейін азаяды», - деді ол.
Департамент директорының айтуынша, жылу электр орталығын жаңғырту үшін ең алдымен автоматтандырылған газ таратушы станциясын салу керек екен.
«Шамамен жылына 1 млрд текше метр газ жұмсалатын болады. Көмірден газға көшу кезең-кезеңмен жүзеге асырылмақ. Менің ойымша, алдағы уақытта бөлек тағы бір құбыр және автоматтандырылған газ таратушы станцисын салу керек. Бұл бүкіл алматылықтарды газбен жылытуға мүмкіндік береді», - дейді Зияш Қияқбаев.
Еске салайық, 20 қыркүйек күні Алматыға арнайы сапармен келген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қаланың даму жоспарымен танысқан болатын. Елбасы әсіресе Алматының экологиясын үнемі назарында ұстап келетінін айтты. Презиенттің мәліметінше, соңғы жылдары Алматыда атмосфераны ластау индексі 20 пайызға дейін төмендеген екен. Мемлекет басшысы қала әкіміне осы жұмыстарды одан әрі жалғастырып, ЖЭО-ны көмірден газға өткізу жұмыстарын бастауды тапсырды. Бұл жұмыстарға «Самырұқ-Қазына» әл-ауқат қоры атсалысуы керек және жұмыстар 2020 жылға дейін аяқталуы тиіс.