Алматыда «Жұлдызбен музейге» жобасы жалғасып жатыр. Аталған жоба аясында еліміздің өнер жұлдыздары Алматы музейіне келушілермен бірге экспонаттарды тамашалап, ел тарихынан білімдерін жетілдіреді. Бұл өз кезегінде тұрғындардың музейге деген қызығушылығын да арттырады. Акция екі айға жоспарланған.
Іс-шара Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» идеясын жүзеге асыру аясында іске асуда. Оның авторы – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Азамат Сатыбалды. Ал, музейдің осы аптадағы қонағы, әрі гиді болған – танымал страда әншісі Әли Оқапов.
– Алматы қаласының музейін алғаш рет келіп тұрмын. Ал, орталық музейге осыдан 3-4 жыл бұрын барғанмын. Бүгінгі экскурсиядан өте жақсы әсер алдым. Өйткені шынымен де біздің жетекшіміз қойған сұрақтардың 95 пайызына мен жауап бере алмадым. Мен Алматы қаласының тумасы болғаныммен, қаламыз туралы көптеген деректерді білмейді екенмін. Көптеген тарихм тұлғаларды да танымайды екенмін. Бір жағынан ұят болса да, сол жетіспейтін білімдерді толықтырып, өте көп қажетті, қызықты дүниелерді біліп алдым, - дейді әнші Әли Оқапов.
Әли Оқаповты көне заманнан бүгінге дейінгі қала тарихын баяндайтын Алматы музейінде ортағасыр залындағы ортағасырлық қаланы суландыру жүйесігің реконструкциясы, Верный кезеңіндегі қала архитектурасы ерекше қызықтырыпты. Ал, экскурсия барысында ол келушілерге «Кәсіби өнердің дамуы» залын өзі таныстырды. Өзі де кәсіби музыкант болғандықтан еліміздің музыка өнері саласындағы терең білімін көрсетті. Қазақ музыка өнерінің дамуына үлес қосқан Б.Сарыбаев секілді ғалымдар, Дос-Мұқасан, Айгүл ансамбльдері, Сазген, Отырар сазы оркестрлары туралы жан-жақты ақпарат беруге тырысты. Қазақ кәсіби музыка өнерінде ойып тұрып орын алатын анасы Роза Рымбаева туралы да келушілерге қызықты ақпараттармен бөлісті.
Аталмыш акция аясында Қазақстанның көрнекті эстрада, кино, театр және спорт өкілдері келушілер үшін музей экспозициясы бойынша шолу экскурсиясын жүргізеді.
«Жұлдызбен музейге» акциясының негізгі мақсаты –қазіргі қоғам жастары үшін идеал болып саналатын Қазақстан жұлдыздарының қоғамдық өмірге белсене қатысуы арқылы, тарихи мұра мен құнды музей экспонаттарын таныстыру мен насихаттау және музейге бару мәдениетін қалыптастыру болып табылады.
– Осы жобаны қолға алға бері музейге келушілер саны артып отыр. Алдағы уақытта Ринго, Аюми топтары мен Мадина Сәдуақасова қонақ болады деп жоспарлап отырмыз. Бұл әр бейсенбі сайын осы қазан айын соңына дейін жалғасатын болады. Біз көбіне мектеп оқушылары мен студент жастарды шақырамыз. Билет құны оқушыларға 200 теңге, студенттерге 300 теңге. Бұл көп ақша деп ойламаймын. Есесіне жастар рухани азық алып, сүйікті жұлдызымен кездесіп, естелік суреттерге түседі. Осы шара арқылы біз музей ісін әлі де дәріптейміз деп ойлаймын, - дейді Алматы музейінің Мәдени танымдық бөлімі меңгерушісі Алтын Орынбаева.
Алматы музейі шағын болғанымен замануаи ақпараттық киоскілері бар. Сонау қола дәуірінен қазіргі кезге дейінгі барлық ақпаратты, бүкіл құжатты осы ақпараттық киоскілерден алуға болады. Әр залда арнайы орындар да бар. Қала жастарына келіп демалуына, сабақ оқуына ыңғайлы жағдай жасалған. Ең бастысы, келушілер музейде сақталған барлық ақпаратты үш тілде: қазақ, орыс және ағылшын тілінде ала алады. Бұл қала жастарының қызығушылығын одан әрі арттырып отыр дейді ұйымдастырушылар.
Ақбота Мұсабекқызы