$ 499.51  525.83  4.62

Ақтөбеде ЖОО-да қайтыс болған 19 жастағы студенттің мәйітін жатақханаға жасырмақ болған

Ақтөбеде Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетінің 19 жастағы студенті Есет Нұрдәулет қайтыс болды. Оқиға 5 қазанда болған, алайда оның өлімі жайлы енді ғана белгілі болып отыр.

Оқиға болатын күні жоғары оқу орнының 60 жылдығына байланысты конференция өтіп жатқан. Оған Қазақстан мен Ресейден академиктер, өзге медициналық ЖОО-лардың ректорлары, шетелдік қонақтар, сондай-ақ облыс әкімі Бердібек Сапарбаев шақырылған. 

"Олардың алдында студенттер хоры өнер көрсетуі керек болатын. Қатысушысы, екінші курс студенті Есет Нұрдәулет әжетханаға кетіп, сол жақта жағдайы нашарлап кетіп, артынша ол өлі табылды", - деп жазады басылым.

"ВКонтакте" әлеуметтік желісіндегі "Я - студент ЗКГМУ" парақшасында аты-жөнін атамаған бір студент оқиға жайлы жазба қалдырған. "Айтып тастағым келеді, жанайқай. Қалайша бұлай болды?! Елдің профессорлары мен академиктері біздің дос балаға, Есетке көмектесе алмады ма... Бұл туралы білмеген де шығар. Ал оның болашағы бар еді. Бәрі көз алдымда, жедел жәрдем, дефибриллятор, айғай, жылаған дауыс. Ал оны құтқарып қалуға болар еді. Бұған дәрігерлердің салақтығы кінәлі. Олардың дефибриляторы болмаған. Содан кейін ғана алып келді. Мұның бәрі сахнада өнер көрсетуімізге 15 минут қалғанда лезде болған жағдай. Оқиғадан кейін де досымыз о дүниеге аттанып кеткенде олар денесін жатақханаға апарып жасырып қойғысы келді, түсінесіздер ме? Карл, жатақханада, әкім көрмесін деп, әкімдіктен келгендер студенттің мәйітін көрмесін деді. Ал жедел жәрдем машинасын бір шетке апарып тастады... Алғашқы медициналық жәрдемді көрсете алмайтын болсақ, мұндай конференциялардың қажеті не? Барлығы шындықты білуі керек, жүйені өзгерту біздің қолда. Біз жауапты боламыз, барлығына көмектесеміз, бәріне де өз жақындарымыздай қарауымыз керек...", - деп жазды ол.

Өз кезегінде жедел жәрдем станциясының өкілдері студенттің дәрігерлер бригадасы оқиға орнына жеткенше қайтыс болғанын, сондықтан дефибриллятордың маңызы болмғанын хабарлады. 

Оқиға жайлы ЖОО өкілдері де пікір білдірді. "Өткен жылы Есеттің бронх демікпесі анықталды, ол дәрігерлердің есебінде болды, ем қабылдады. Дене шынықтыруда арнайы топта болды. Қайғылы оқиға болған күні оның ингаляторы болмаған. Есеттің ата-анасының айтуынша, сол күні ингалятор біреудің сөмкесінде қалып қойған. Оған алғашқы көмек дер кезінде көрсетілген. Бірақ ол әжетханада болғандықтан оның денесін тапқанша қайтыс болған. Мәйітті жасырып қою мүмкін емес. Біріншіден, аудитория үлкен болды, ғимаратқа кіргеннің барлығы көрді. Полиция, криминалистер, сотмедсарапшылар келді. Тиісуге болмайды деп айтты. Мұғалімдердің студенттерді бөлмелерге кіргізіп тастағанына да өз себебі бар - себебі көпшілігі қызықтап, қарағысы келді. Бұл әдепке жатпайды, сондықтан шығуға рұқсат берілмеді. Мұндай оқиғаның болғаны өте өкінішті. Ата-анасына көңіл айттық, материалдық көмек көрсеттік", - деді ЖОО-ның оқу-тәрбие ісі жөніндегі проректоры Талғар Әбілов. 

"Диапазон" басылымының мәліметінше, мәртебелі қонақтар келген конференция студенттің өлімі мен оған криминалистер келгеннен кейін бірнеше минуттан кейін басталып кеткен.

Бұл осы оқу орнында тіркеліп отырған алғашқы өлім дерегі емес. 2015 жылдың жазында мұнда бірінші курс студенті Дулат Төкешов қайтыс болған, ал оның алдында 19 жастағы студент Азамат Жомарт асылып қалған.

Дереккөз: tengrinews.kz

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары