Астананың орталық базарында жалған имамдар уағыз айтып, миссионерлік әрекетпен айналысқан. Бұл туралы елордалық соттың баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Ағымдағы жылдың мамыр айында Астана қалалық ІІД-не орталық базарда заңсыз жұмыс істеп тұрған намазхананың бар екені туралы ақпарат келіп түскен. Өздерін имамбыз деп таныстырған бірнеше адам сол намазханада уағыз айтып, діни үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіпті.
"Сотта белгілі болғандай, аталған намазхана жергілікті билік өкілдерінің рұқсатынсыз жұмыс істеп келген. Астана қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен, базар басшылығына 200 АЕК көлемінде айыппұл салынды", - делінген Астана қалалық сотының баспасөз қызметіндегілер.
Базар басшылары бұған дейін ешқандай заң бұзбағанын ескерген сот оларға жеңілдік жасап, айыппұл көлемін 30 пайызға дейін қысқартып отыр. Шешім заңды күшіне енді.