Рас, алғашында қазақстандықтар Франция түрмесінен босап шыққан экс-банкир Мұхтар Әблязовтың әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфирде жүргізетін мәлімдемелерін асыға күтіп, жіберіп алмауға тырысатын. Бірақ, соңғы уақытта осынау "трансляциялар" жұртты мезі қыла бастады.
Мезі қыла бастады деп бекер айтып отырғанымыз жоқ. Дәл Әблязов тікелей эфирге шығатын уақыттан бастап бірнеше сағат бойы қазақстандықтар әлеуметтік желілерге кіре алмай әбігерге түседі. Дәл сол уақытта не Facebook, не Instagram желілеріне кіру мүмкін емес. Мәселен, күні кеше кешкі 20:00-ден бастап дәл осындай жағдай орын алды.
Жасыратыны жоқ, алғашында желі қолданушылары мұны билік өкілдерінен көрген. Қашуда жүрген оппозиционердің мәлімдемелерін көрсетпеу үшін аталған әлеуметтік сайттарды әдейі бұғаттап жатқан шығар деп өзіміз де ойлайтынбыз. Алайда, олай емес екен. Ақпарат және байланыс министрінің өзі Әблязовтың тікелей эфирі кезінде интернетті ешкім бұғаттамағанын ресми мәлімдеді. Соған қарағанда, экс-банкирді көреміз деп, қазақстандықтар жаппай әлеуметтік желілерге бір уақытта кіретін болуы керек. Желідегі мұндай ауыртпалықты көтере алмағандықтан аталған сайттар да жылдамдығын бірнеше есеге жоғалтып алатын шығар деп топшылап отырмыз. Әйтпесе, билік өкілдерінің Әблязовтан өзге жұмысы жоқ дейсіздер ме?!
Қалай болғанда да, әлеуметтік желінің қазақстандық қолданушылары Әблязовтан да, оның "тікелей эфирлерінен" де әбден шаршады. Желіге әбден "байланып" қалған адам үшін Facebook пен Instagram-ның істемей қалуы расымен де үлкен проблема. Сондықтан, қазір қазақстандықтардың көбі бұрынғыдай Әблязовтың мәлімдемелерін асыға күтпейді, керісінше эфирге шықпай-ақ қойса екен деп тілейтін болған.