$ 449.58  486.94  4.86

Алматыда музейлер бірлестігі латын қарпіне өту мәселесін талқылады

Алматы қаласы Мәдениет және архивтер басқармасына қарасты Алматы қаласы музейлер бірлестігі қазақ тілінің латын графикасына өтуіне байланысты талқылау өткізді.

Аталмыш іс-шараға Алматы қаласы музейлер бірлестігіне қарасты музейлердің қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері, Алматы қаласындағы ЖОО оқытушылары мен студенттері қатысты.

Талқылауды Алматы қаласы музейлер бірлестігінің директоры Нұрлан Дүкенбаев өзінің кіріспе сөзімен ашты. Ал, жиынға арнайы қатысқан А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Айсәуле Аманбаева жаңа әліпбидің ұтымды тұстары жайында айтып берді. Сондай-ақ, ол латын графикасында кездесетін қиындықтар туралы да сөз қозғап, алда қыруар жұмыс күтіп тұрғанын әріптестеріне ескертті. Яғни, қазақ тілі ғылымында жаңа ережелер жасау керек деді ол.

Аталмыш шараға М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Нұрдәулет Ақыш та қатысты.

– Латын әліпбиіне оралу – заман талабы. Негізі көшу емес, оралу деген дұрыс. Ал, қабылданған жобаны іске асыру – баршамыздың міндетіміз. Көш жүре түзеледі, өзгерістер болуы да мүмкін. Алдымызда көптеген жұмыстар бар. Бүгінгі басқосу осы тұрғыда деп түсіндім өз басым, - деді Нұрдәулет Ақыш.

С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінің қызметкері, ҚР Мәдениет қайраткері Гүлнәр Құдабаева жаңа әліпби жастардың болашағы үшін, олардың әлемдегі технологиялық жаңалықтардан тыс қалмауы үшін қажет екенін атап өтті.

Сондай-ақ, Ы.Дүкенұлы атындағы халық музыкалық аспаптары мұражайының ғылыми бөлім меңгерушісі Дәулет Жайлыбаев та латын графикасының қазақ халқы үшін маңызы зор екенін мәлімдеді.

– Тілші ғалымдарымыз тиянақты түрде тіл заңдылықтарын қалыптастырып, жаңа әліпби еш қиындықсыз өмірге еніп кетеді деп ойлаймын, – деді ол.

Талқылау барысында музей мамандары тарапынан сұрақтар аз болған жоқ. Мысалы, «Біздің жұмысымызға байланысты қолданып жүрген «экскурсия», «экскурсовод» деген сөздерді қалай жазамыз? Себебі, жаңа әліпбиде «э» дыбыс жоқ» «Латын әліпбиін қолданысқа енгізуге қандай кедергілер бар деп ойлайсыздар?» деген секілді сұрақтар қойылды және тиісті жауабын да алды.

Айта кетейік, Алматы қаласы музейлер бірлестігіне «Алматы музейі», С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешені, Ықылас Дүкенұлы атындағы  халық музыкалық аспаптары мұражайы, Д.Қонаев музейі, Н.Тілендиев музейі, «Мультимедиа орталығы» кіреді.

Ақбота Мұсабекқызы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары